ЖОЛ-КӨЛІК АПАТЫ: 100 АДАМ АЖАЛ ҚҰШТЫ

ЖОЛ-КӨЛІК АПАТЫ: 100 АДАМ АЖАЛ ҚҰШТЫ

Жол-көлік апатының көрсеткіші бойынша Алматы облысы республика көлемінде көш бастап тұр. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Жыл басынан бері 500-ден астам көлік апаты орын алып, 767 адам түрлі дене жарақатын алса, 100 адам ажал құшқан. Аталған көрсеткіш өткен жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 53 пайызға өскен. Осы және өзге де мәліметтермен бөліскен облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Алмасбеков:

– Жол жүру ережесін бұзудағы басты себеп –жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруы. Олар бір-бірімен жарысып, қозғалыстың қарсы бағытына шығады. Ал одан кейінгісі жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолдан өтуі. Қазір әкімдікпен бірлесіп алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеміз, – деп жүргізушілерді жолда мұқият болуға, жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Нұрлан Сейсетайұлы тәртіп сақшылары тарапынан жол қауіпсіздігіне қатысты түрлі шаралар, акциялар мен рейдтер ұйымдастырылғанымен, апаттық жағдайлардың алдын алу мүмкін болмай отырғанын айтты. Биыл жаяу жүргіншілерге қатысты көлік апаты 40,7 пайызға артып, соның салдарынан 33 адам көз жұмған. Жол ережесінің талаптарын бұзған 3000-ға жуық жүргіншіге хаттама толтырылды.

Облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырып, барлық жолдардың патрулін айтарлықтай күшейте түсті. Сонымен қатар, 5-6 сәуірде «Жолдағы қабылдау» республикалық акциясы барысында аймақтың автожолдарында полицейлер жүргізушілерді қабылдап, түрлі сұрақтарына жауап береді.

Мәулен Әнербай

Оқи отырыңыз