САРБАЗДАР ЖАС ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРДЫ

Уақыты: 16.04.2019
Оқылды: 1035
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ұйғыр ауданы Қалжат елдімекені маңайында Қазақстан әскерлерінің біріккен «Айбалта» стратегиялық командалық-штабтық оқуына барған Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жас қызды бұзақылардан құтқарып алды.

14 сәуір күні түнгі сағат ондар шамасында патрульде жүрген кіші сержант Рамиль Шормаков және старшина Айбек Мухамеди жанұшыра көмекке шақырған әйел адамның дауысын естиді. Бірден лагерь бойынша кезекші аға лейтенант Нұрсұлтан Қуандыққа баяндап, көмекке шақырған адамға қарай асығады. Оқиға орнына жылдам жеткен патрульге азаматша өзін бейтаныс екі адамның зорламақ ниетте болғандығын, көмекке келе жатқан адамдарды байқап, қашып кеткендігін айтады.

Ұландық әскерилердің 102 нөміріне хабарлаған шақыртуы бойынша оқиға орнына Ұйғыр аудандық полиция бөлімінен жедел тергеу тобы келіп, бірлескен іс-қимылдарының нәтижесінде 1985 және 1974 жылы туған екі азамат күдікті ретінде ұсталды. Олардың оқиғаға қатысын анықтау үшін Шонжы полиция бөліміне жөнелтіліп, қылмыстық іс қозғалды.

Ұландықтардың қырағылығы мен жылдам әрекет етуінің арқасында өрімдей жас қыз бұзақылардың арам ойының құрбаны болудан аман қалды. Азаматша далалық лагерьден жеткен өзінің құтқарушыларына алғысын жаудырды.

Ұлттық ұлан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

 Сурет ғаламтордан алынды