ӘСКЕРИ МЕКТЕПТЕГІ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

ӘСКЕРИ МЕКТЕПТЕГІ АШЫҚ ЕСІК КҮНІ

ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты Талдықорған қалалық әскери-техникалық мектебінде жоғарғы сынып оқушыларына арнап «Ашық есік күні» өтті.

Аталған шара 48386 әскери бөлім қызметшілерінің жетекшілігімен ұйымдастырылды. Шара барысында оқушылар әскери-техникалық мектеп ішін аралап, мұражай экспонаттарымен танысып, әскери мектеп тәрбиеленушілерінің өмір тынысымен танысты.

Өз кезегінде әскери мектеп басшылығы 40 күндік оқудың қалай жүзеге асырылатынын, қандай пәндер оқытылатынын айтып өтті. Әскери мектеп тәрбиеленушілері болса саптық дайындықтарын көрсетіп, АК-74 автоматын жылдамдыққа шашып-жинаудың әдіс-тәсілдерімен бөлісті. Гитарамен патриоттық әндер шырқап, жеткіншектердің көңілдерін көтерді.

№15 мектебінің 9-сынып оқушысы Сарқытбек Әлихан: 

- Мұражайда сонау Ұлы Отан соғысы жылдарындағы экспонаттардан бастап бүгінгі заманауи армияның қару-жарақтарына дейін қойылған. Сондай-ақ, темірдей әскери тәртіптің адамды ұқыптылыққа, тиянақтылыққа үйрететініне көзім жетті. Ер жеткен соң мен де өз өмірімді Отан қорғау жолына арнасам деп армандаймын. Сол арманыма жету үшін «Жас барлаушы» әскери-партиоттық клубына мүше болып қабылдандым, - деп экскурсияның өте қызықты болғанын, әскерилердің өмірі туралы таным-түсінігінің арта түскенін қуанышпен жеткізді. 

Шара соңында әскери-техникалық мектеп басшылығы ұйымдастырушылар мен оқушыларға алғыстарын білдірді. Патриоттық тәрбие беруде мұндай экскурсияның рөлі зор екенін және танымдық мақсатта мұндай шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатынын жеткізді.

Алматы облысы қорғаныс істері жөніндегі
департаментінің баспасөз қызметі

 

Оқи отырыңыз