ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ҚОС АРДАГЕРДІ ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 06.05.2019
Оқылды: 1244
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 1-полиция батальоны басшылығының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру мақсатында игілікті шара өтті.

Жиында полиция қызметкерлері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғайыс Егембердиев атамыздың, Ақсу ауданы мен Талдықорған қаласының Құрметті азаматы Алтынай Есболат әжеміздің үйіне барып, сыйлықтар табыстады.

Алтынай апа Матай стансысында туған. Жастайынан теміржолдың маңында өскендіктен он тоғыз жасында қысқа мерзімді машинист мамандығын оқып, паровоз тізгіндейді. Кейін әскери пойыз машинисі атанып, Сталинград түбіндегі майданға әскери техника, азық-түлік жеткізеді. Ауыр жараланған жауынгерлерді тасыды. Ал пулемет атуды небәрі сегіз ай меңгерген Ғайыс атамыз Отан үшін он сегізде от кешіп, елі үшін үлкен ерліктер жасады.

Әр ісі ұрпаққа үлгі болған ардагерлерімізбен кездесіп, олардың ақ баталарын алу – біз үшін үлкен бақыт. Иә, сол кездері Отан алдында адал қызмет атқарып, елі мен жері үшін сұрапыл соғыста қаһармандық танытқан ардагерлерге құрмет көрсету – болашақ ұрпақтың борышы. Елім-жерім деген батыр бабаларымызды ардақтайық.

Ішкі істер органдарының имиджін арттыру жөніндегі мамандандырылған күзет қызметі бөліністерінің 2019 жылға арналған жоспарына сәйкес, әлеуметтік осал топтарды, материалдық көмекке мұқтаж ардагерлерді, көпбалалы және толық емес отбасыларды қолдау мақсатында өткен шара соңында ардагерлеріміз полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ақ батасын берді.                                                      

                                                                           Дастан БАЯНОВ,

"Алматы облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы" ММ 1-полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы, полиция майоры