МАЙОР: "МАМАНДЫҒЫМ - МАҢДАЙЫМА ЖАЗЫЛҒАН БАҚЫТ"

Уақыты: 08.05.2019
Оқылды: 1121
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Кәсібінің шыңына жетіп, шеберліктің озық үлгісін көрсеткен өз ісінің майталмандары бүгінде көп емес. Жұмысына бар ынтасымен беріліп, күш-жігерін аямай еңбек ету кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Осындай қажырлы еңбек пен кәсібиліктің арқасында үлкен жетістікке жеткендерді бірі – Құрлық әскерлері әскери институтының  жасақтау және жұмылдыру бөлімшесінің басшысы, майор Айдар Мұқайұлы.

Майор Мұқайұлы жүрген жерінде ұжымның ұйытқысы бола білген, алдына қойған мақсатына жетуді принципке айналдырған арда азамат. Институт басшылығы мен әріптестері  Айдар жайлы тек жақсы  сөздер айтады. Өйткені, майор Мұқайұлының айналасындағы адамдармен тілдесуінен-ақ білім көкжиегінің кеңдігін, адамгершілігін, байсалдығын байқауға болады.  Осы қасиеттерінің арқасында достары мен әріптестерінің де арасында сыйлы әрі беделді.
Айдар Мұқайұлы Кеген ауылында өмірге келген. №2 Кеген орта мектебін 2002 жылы үздік бітіріп, Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына оқуға түсті. Әскерилер жайлы әңгімелерді кішкентайынан сүйіп тыңдайтын, «танкист болсам» деп армандайтын. Әскери институттың курсанты атану ол үшін бала қиялының жүзеге асуына жасалған алғашқы үлкен қадамы болды.

Жасынан зерек өскен курсант  әскери институтта да  өзінің білім көкжиегінің жоғары екенін дәлелдей білді. Оқыған барлық пәндер бойынша тек үздік бағалар алып, институт қабырғасындағы төрт жылда ең мақтаулы курсанттардың қатарында болды. Талмай ізденуі мен еңбегінің нәтижесінде ол аталмыш оқу орнын үздік аяқтап, лейтенант шенін алды. Содан соң Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына  әскери қызметін атқаруға аттанады. Танк взводының, танк ротасының командирі лауазымдарын абыроймен атқарды. 2008 жылы өзі ұшқан ұяға қайта оралып, Құрлық әскерлері әскери институты оқу үдерісін қамтасыз ету батальонының оқу-жаттығу танк ротасы командирінің қару-жарақ жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалды. Осы күннен бастап еңбекқор Айдар Мұқайұлы бойындағы кәсіби біліктілігі мен тәжірбиесін болашақ  офицерлерге үйрете бастады.

Майор Мұқайұлы әрдайым кез-келген істі әділ шешіп, намыс пен жігерін қамшылай білген. Бұл – оның басты қасиеті. Соның арқасында бүгінде ол алдыңғы шепте жүретін офицерлер қатарында.

– Елді қорғау – абыройлы міндет. Сол абыройлы міндетті адал атқару сайдың тасындай сапқа тұрған әрбір әскери қызметшінің парызы. Әскери қызмет әрбір азаматты әскери-патриоттық рухқа, Отан алдында борышын өтеу сезімін қалыптастыруға, өмірлік қиыншылықтардан мүдірмей өтуге тәрбиелейді. Мен өз мамандығымды шексіз сүйемін, бұл әрбір адамның маңдайына жазыла бермейтін бақыт, –  дейді майор Айдар Мұқайұлы.

Аида БЕКТҰРОВА,

Құрлық әскерлері әскери институтының баспасөз қызметкері