ПОЛИЦЕЙГЕ АЛАБАЙ АЙТАҚТАҒАН АЗАМАТ ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 09.05.2019
Оқылды: 1006
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Тәртіп сақшыларына төбелескіш итін айтақтаған Талғар ауданының 40 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық өндіріс қозғалды.

Оқиға Кеңдала ауылында орын алған. Қоңырау бойынша келген патрульдік полицейлер отбасылық жанжал шығарған жергілікті тұрғынды тыныштандыруға тырысқан. Алайда, ішімдік ішкен азамат полицейлерге қарсылық көрсетіп, оларға «алабай» тұқымдас үлкен итін айтақтайды.

- Тәртіп сақшылары қару пайдалануға мәжбүр болып, итті жаралайды. Ал, ит иесі сол мүмкіндікті пайдаланып, оқиға орнынан қашып кеткен. Тәртіп сақшылары құқық бұзушыны ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізді. Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс материалдары Талғар аудандық полициясының өндірісінде, - деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, ведомство өкілдері жыл басынан бері полицейлерге қабаған иттерін айтақтаудың бұл екінші дерегі екенін айтты.

Бұдан бұрын Текелі қаласында «бультерьер» итінің иесі полициядан бой тасалау мақсатында тәртіп сақшыларына итін айдап салған. Нәтижесінде, бір полицей дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Осы дерек бойынша құқық бұзушы сот шешімімен қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"