ПОЛИЦЕЙЛЕР АРДАГЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Уақыты: 09.05.2019
Оқылды: 1007
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері Отан соғысынан 1951 жылы елге оралып, 1952 жылдан бастап табаны күректей 25 жыл ішкі істер органында қызмет еткен Сембек Қожахметұлын «Жеңіс күні» мерекесімен құттықтады.

Отан қорғау жолында кеудесін оққа тосқан ардагерлер саусақпен санайтын болсақ, Сембек ата ішкі істер органында қызмет атқарған ардагерлердің ішіндегі көзі тірі екі ардагердің бірі екенін айта кету қажет.

Сембек Қожахметұлы 1925 жылы дүниеге келген. 17 жасқа толмастан соғыс басталып, Сталинград майданына қатысқан. Ленинградды қорғауға үлес қосқан ардагер фашистер жеңілген соң Жапон милитаристеріне қарсы шайқасқа аттанған. 1945 жылы аттанып, 1951 жылы аман-есен елге оралған.

Елге келген соң 1976 жылға дейін ішкі істер органдарында әртүрлі қызметтер атқарған. Отан қорғаудағы ерік-жігері мен ел игілігі үшін еткен еңбегі ескеріліп, Сталиннің құрмет қағазымен және түрлі орден-медальдармен наградталған. Қазір 9 баладан тараған 30 астам немере мен оннан астам шөберенің ортасындағы мәуелі бәйтерегі, шаңырақтың берекесі.

Алматы облысының полицейлері үшін «Жеңіс күні» мерекесін атап өту осы Сембек ақсақалды құттықтаудан бастау салтқа айналғандай. Тоқсанның төріне шыққан абыз қария қызметтестерінің аты-жөндерін әлі сол күндердегідей есте сақтауымен таң қалдырды. Бүгін де тәртіп сақшылары от пен оқ кешіп, ел қорғаған ардагерге құрмет көрсетіп, сыйлықтарын берсе, ішкі істер органдарының облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов омырауына мерекелік медаль тағып, өз ұйымының атынан қаржылай сый жасады.

- Мереке қарсаңында соғыс ардагерлеріне, олардың отбасына және оларға теңестірілген тұлғаларға сыйлықтар жасаймыз, құрмет көрсетеміз. Бүгін Сембай Қожахметұлы ардагерімізді құттықтау үшін облыстық полиция департаментінің басшылығы мен ардагерлер кеңесінің атынан арнайы келдік. Бұл кісілердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмыт болмайды. Өскелең ұрпаққа үлгі ету жолында жұмыстар жасалып жатыр, - деді ішкі істер органдарының облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Қожақов.

Ғасырға жуық ғұмыры бар, өмірдің ащысы мен тұщысын көрген көреген қарияға сәлем беріп, ақыл-кеңесі мен батасын алуға келген қонақтарға үйренген ардагердің отбасы қазақы салтқа сай дастархан жайып, Сембек ата қонақтарға батасын берді, өз ризашылығын білдірді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"