Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ауданымыздан 3000-нан астам тепсе темір үзетін азамат қан майданға аттанды. Отан үшін отқа түсіп, жан беруге дайын болған жерлестеріміздің тек мыңнан астамы ғана елге оралған екен.
Елге аман оралған ардақты ақсақалымыздың бірі – тартысқа толы ғұмырында басынан небір қиындықтарды өткізген соғыс және еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы, Миялы ауылының тұрғыны Әбдіхан Рахымұлы. Тоқсан жастан асқан сергек те сезімтал қария бүгінгі таңда өзіндік өнегесімен еліне қадірлі, жұртына сыйлы, отбасының арқасүйері болып отыр.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Рахым Дарханбаевтың шаңырағынан бес бірдей азамат Отан қорғады. Ағаларының соңынан кенже ұлы Әбдіхан да 1944 жылы қан майданға аттанады. Ол Беларусь майданында, атақты қолбасшы Рокоссовскийдің армиясында Берлинді алу жорығына қатысып, Эльба өзенінің бойында Жеңіс күнін қарсы алады. Содан кейінгі уақытта да әскер қатарында болып, туған жерге 1947 жылы бір-ақ оралады.
Мұнан кейін Әбдіхан ата әскерден жеңіспен оралдым деп қол қусырып отырмай ел тірлігіне белсене араласып кетеді. Алғашында тауарлы-сүт және қой фермаларында есепші, кейіннен қызылотау меңгерушісі, ауылдық комсомол ұйымының хатшысы болып еңбек етеді. 1954 жылдан бастап сол кездегі Куйбышев атындағы колхоздың сиыр фермасын басқарады. 1957 жылы совхоздар құрылған тұста «Бақанас» асыл тұқымды қой совхозына аға шопан болып орналасады.
Абыз ақсақал шопан бола жүріп, қой тұқымдарын асылдандыруға үлкен үлес қосады. Атақты «Дегерес» қойының тұқымын өмірге әкелген ғалымдармен бірлесе еңбек етіп, осы асыл тұқымды малды өсірушілердің бірі атанады. Соған орай Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне қатысу құрметіне ие болады. Көрмеге өзі апарған дегерес қошқарының тірі салмағы 135-137 киле тартып, І дәрежелі алтын медальмен марапатталып, ақшалай сыйлықпен оралған екен.
Бір орында тапжылмай 32 жыл еңбек етіп, еңбек демалысына осы «Бақанас» асыл тұқымды қой совхозынан шығады. «Бейнеттің де зейнеті бар» демекші, табысты еңбегі жемісті болып, Еңбек Қызыл Ту орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін», тағы басқа да мерейтойлық медальдар мен көптеген Мақтау грамоталарының иегері атанады.
Тағы да бір айта кететін жайт, ардақты ақсақал қазақтың дана перзенті Д. Қонаевтың сенімді өкілі болып, Ел ағасымен сырлас, сыйлас бола жүріп, бір табақтан дәм татқан екен. Өзі де бірнеше мәрте ауылдық, аудандық кеңеске депутат болған. Жүзі мейірімге, нұрға толы Әбдіхан қария Миялы ауылы тұрғындарының ақылшысы. Зейнеткермін деп үйде жатып алмай, көп жылдар бойы ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы міндетін абыроймен атқарды. «Атайбек қажы» мешітінде бас имам болып, дін жолын да берік ұстанды.
Аудан әкімі Ғалым Тоқпейісов, аудан әкімінің орынбасары Сайран Смағұлов, аудандық мәслихат хатшысы Кәдірбек Омаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев, Бақанас ауылдық округінің әкімі Дархан Төлеубек Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесіне орай ардагерге арнайы барып, құттықтап қайтты.
Соғыс ардагері Әбдіхан Рахымовтың мәнді де мағыналы ғұмыры өскелең ұрпаққа үлгі боларлықтай.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ
Балқаш ауданы