"WHATSAPP": ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ҮШІН ЖАУАП БЕРЕСІЗ

Уақыты: 13.05.2019
Оқылды: 968
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Мамыр айының алғашқы күндері WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз біреулердің Талдықорған қаласының маңындағы көпірлердің бірінің астынан қинап өлтіру белгілері бар баланың мәйіті табылғанын, сондықтан, балаларға абай болуға шақырған дауыстық хабарламалары таратылды.

Бұл ақпарат Талдықорған қаласы мен облыс орталығына жақын орналасқан аудандарда тез тарап, ел арасында толқу тудырды. Өз кезегінде полицейлер тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, ақпараттың жалған екеніне көз жеткізді. Жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында облыстық криминалды полиция қызметкерлері 50-ден астам адам арасында сұрақ жүргізіп, WhatsApp желісіндегі он шақты топ өкілдерінен сұрастырып, нәтижесінде, 33 жастағы ер азамат пен 52 жастағы әйел адамды күдікті ретінде ұстады. Күдіктілер полиция бөлімшесіне жеткізілді.

– Екі күдікті де Талдықорған қаласының тұрғындары, бір-бірімен таныс емес. Әйел адам қаланың базарларының бірінде саудамен айналысса, күдікті азамат жеке көлігімен кісі тасымалдайды. Тергеу кезінде екі күдікті де өз таныстары мен достары арасында таратқан ақпараттың жалған екенін мойындады. Күдіктілер азаматтардан кешірім сұрады,  – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Іс Көксу ауданы полициясының өндірісінде. Күдіктілер мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Полицейлер нақтыланбаған және жалған ақпаратты тарату бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын және ресми ақпарат көздері таратқан ақпараттарды ғана басшылыққа алу қажет екенін ескертеді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"