ЖЕҢІЛДІК: ОРАЛМАН МӘРТЕБЕСІ ОҢАЙ БЕРІЛЕДІ

Уақыты: 22.05.2019
Оқылды: 1769
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Шеттен келген қандастарымызға берілетін «оралман» мәртебесінің мерзімін ұзартуға байланысты Үкімет отырыстарында айтылып келеді. Осы мәселе бойынша облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ержан Алтаевпен аз-кем сөйлескен едік.

Бүгінде қолда бар ақпарат бойынша облысымызда 500-ге жуық оралман бар. Бұл көрсеткіш әлі де өседі. Басқа елден келген этникалық қазақтардан бөлек, басқа облыста оралман мәртебесін алып, қоныс аударғандар да тізімге алынады. Оралман мәртебесі бір жылға, ықтиярхат он жылға жарамды. Оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жыл ішінде Қазақстан азаматтығын алып үлгеруі қажет. Көші-қондағы өзгерістер туралы Ержан Нұрсұлтанұлы: "Көші-қон Заңының 49-бабында көрсетілгендей, егер шетел азаматы, оның ішінде, этникалық қазақ та бар, Қазақстан аумағында тұрақты 183 күн (6 ай) тұрмаса, оның ықтиярхатының күшін жоюға тиістіміз және ол адам азаматтыққа тапсырыс жасай алмайды. Осы заңға өзгерістер енгізіліп жатыр",- дейді.

Айта кетейік, елімізде этникалық репатрианттардың бейімделуі мен кірігуі үшін бар жағдай жасалған. Оралман мәртебесі барларға Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар (шетелдіктер Қазақстанда кемі 5 жыл тұру керек). Бүгінде оралман мәртебесін алу үшін жеңілдікті 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім қабылданған.

Осы тұрғыда мәртебесі кешіктірілген оралмандар оны ұзарту және еліміздің азаматтығын алу мақсатында ішкі істер органдарына құжаттарды оңайлатылған тәртіппен беру үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгіне алады.

Серік ҚАНТАЕВ