ТАЛДЫҚОРҒАН: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 06.06.2019
Оқылды: 1682
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорғанда ҚР Мемлекеттік Рәміздер күніне арналған «Мемлекеттік Рәміздер – Тәуелсіздік белгісі» атты салтанатты шара өтті. Өскелең ұрпақтың мемлекеттік рәміздерге деген құрметін арттыруға арналған мерекелік басқосуда Мемлекеттік Ту әскери тәртіппен әкелініп, Гимн орындалды. Салтанатты шараға орай қала әкімі Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ көпшілікті Рәміздер күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

"Біз тұғыры биік Туымызбен, айбынды Елтаңбамызбен, асқақ Гимнімізбен әлемге танылдық. Желбіреген көк Ту халық арманын асқақтатып, еліміздің рухын биікке көтереді. Елтаңба – берік шаңырақ және халық татулығын дәлелдейді. Ата-бабамыздың ғасырлық арманын «Менің Қазақстаным» әні жеткізеді, – деген Ғалымжан Райылұлы халқымыз қастер тұтқан рәміздердің маңыздылығына тоқталды. – Бұлар – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Отан атты қасиетті ұғым Ту, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Бұл Елбасының саясатының баяндылығы, аса зор отансүйгіштік қасиеті және елімізді әлемдегі ең дамыған мемлекеттер қатарына қосуға деген зор ынтасы, ерен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан да, сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасының Туын, Елтаңбасын, Гимнін тұмардай қасиет тұтып, көздің қарашығындай сақтау әрбіріміздің қасиетті борышымыз, – деген шаһар басшысы құттықтау сөзін ізгі тілекке жалғастырды. - Құрметті талдықорғандықтар! Мемлекеттік рәміздеріміз «Мәңгілік Ел» атты ұлы мақсат жолында бағыт беретін шамшырағымыз деп білеміз. Көк байрағымыз әрдайым жоғарыда желбіресін, Елтаңбамыз Отанымыздың абыройын асқақтатып, Гимніміз салтанатты жағдайларда шарықтасын. Баршаңызға амандық, отбасыларыңызға береке, дендеріңізге саулық тілеймін. Мереке құтты болсын!"

Одан кейін 16 жасқа толған азаматтарға төлқұжат тапсырылып, жас мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады. Мерекелік шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына жалғасты.

Мәди ӘСЕТҰЛЫ