МЕМЛЕКЕТ ПЕН ХАЛЫҚ: СЕНІМ КӨПІРІН ҚҰРУ ҚАЖЕТ

Уақыты: 20.06.2019
Оқылды: 1053
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазанда жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қарқынды өзгермелі әлем жағдайында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс істеу тәсілдерін өзгерту қажет екендігі айтылған. Осыған орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру үшін бірқатар мақсаттар мен міндеттерді алға қойып отыр. Солардың бастысы – қоғамды мемлекеттік қызметті дамытуға қатыстыру, оның сеніміне ие болуға ұмтылу. Өйткені, мемлекеттік қызметтің басты құндылығына парасаттылық, ашықтық, жаңашылдық, тиімділік, нәтижелілік, жауапкершілік, бастамашылдық сынды қасиеттер жатады.

Мемлекеттік міндеттерді іске асыру үшін сандық құрамнан бөлек  адами капиталдың сапасы маңызды мәнге ие. Биылғы 1 сәуірдегі есеп бойынша Жетісу жеріндегі мемлекеттік қызметшілердің саны 4306 адамды құрайды. Оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер саны жетеу, «А» корпусы – 20, «Б» корпусы – 4279, нақты саны – 4088. Мемлекеттік қызметшілердің 91%-ның білімі жоғары, 9%-ы орта кәсіптік, техникалық білімді игергендер. Олар негізінен аудандық, ауылдық деңгейдегі қызметшілер. «Болашақ» бағдарламасы стипендианттары төртеу, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері сегіз. Олардың орта жасы 39 жас болса, орташа еңбек өтілі  9 жылға тең.

Бүгінгі күні мемлекеттік қызметте тұрақтылық байқалады. Таза ауысымдылық деңгейі төмендеп, теріс себеппен ауысушылық қысқарған. 2016 жылдан бастап мансаптық модель енгізілуіне орай, лауазымында жоғарылату алған қызметшілер санының тұрақты өсу тенденциясы байқалады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 73,3% құраса, аталған көрсеткіш 2017 жылы  72,8% болған. Дегенмен, қазір ауылдық деңгейдегі кадр тапшылығы сезіледі. Бұл мәселенің шешімі – «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілер санатын қосу деп есептеліп, тиісті өзгерістер енгізілген заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында жатыр. Шынында материалдық жағдайды жақсартудан бөлек, біліктілікті үздіксіз – кәсібилендіру кадрларды сақтап қалудың алғышарттарының бірі. Бұл ретте, басымдық Мемлекеттік басқару академиясының қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесіне беріледі.

Қазіргі таңда факторлы-балдық шкала мен жұмыс нәтижесі бойынша бонустар беруге негізделген жаңа еңбекақы төлеу жүйесін енгізу сұрақтарына қатысты арнайы құрылған жұмыс тобы жобаны әрі қарай жетілдіруді, оның ішінде еңбек өтілін есептеу және қызметшілердің жұмысын бағалау тетіктерін қайта қарастыруға, нақты нәтижеге жетуге бағдарлау бойынша ұсыныстар әзірлеуде. Сондай-ақ, бюджетке түсетін салмақты төмендету жолдары, оңтайландыруға жататын шығын көздерін анықтау жалғасуда. Осыған орай мемлекеттік мүлікті тиімді әрі дұрыс пайдалану, ведомстволық бағынышты ұйымдарды оңтайландыру сынды мәселелер қаралуда. Одан бөлек, Мемлекеттік қызметшілер еңбегінің тиімділігін арттыру көзделген. Ол үшін бірінші кезекте, қайталанатын функцияларды алып тастау, басқарушылық буынды қысқарту, жекелеген бөлімшелерді орталықтандыру үшін басқару құрылымы қайта қарастырылуда.

Мемлекеттік мекемелер және халық арасында «сенім көпірін» құру – тосқауылсыз кеңістік қалыптастыру мен фронт-офистерді құру, жылдам әрекет ету жүйесін қалыптастыру бүгінгі күннің басты талабына айналып отыр. Осы мақсатта бірқатар шара атқарылып, Президенттің тапсырмасына сай, бизнес үдерістерді жақсарту және мемлекеттік органдарда артық жұмыс істеуді қысқартуға бағытталған жұмыстар облыста кеңінен қолға алынуда. Қазірдің өзінде бірқатар мемлекеттік органдарда жұмыс уақытының икемді кестесі, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін автоматты түрде компьютерлерді өшіру жүйесі енгізілді. Мемлекеттік қызметтің тартымдылығы мен имиджін арттыру және кәсіби мамандарды мемлекеттік қызметке қызықтыру мақсаты да назардан тыс қалмайды. Мемлекеттік қызметші күніне орай облыс әкімдігі мен департамент бірлесіп облыс көлемінде бірқатар іс-шара өткізді. Атап айтсақ, «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауы, мемлекеттік қызметкерлер спартакиадасы, «Тілдарын» полиглоттар байқауы. «Бақытың жаныңда» жобасы аясында  отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Отбасылық құндылықтар және мемлекеттік қызмет» атты мемлекеттік қызметшілер отбасылары арасындағы байқау, жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Жайдарман» ойыны, жастар форумы секілді аса маңызды тақырыптар бар. Аталған іс-шараларға атсалысып, белсенділік танытқан барлық мемлекеттік қызметшілеріне алғысымыз шексіз.

Мемлекеттік қызмет мәртебесінің үстем болуы облыстағы мемлекеттік қызметкерлердің қажырлы еңбегіне тікелей байланысты. Ал мемлекеттік қызмет институтын жетілдіру, оның ішінде, әрбір мемлекеттік қызметшінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – департаменттің басты мақсаты екендігін айтқым келеді.

Серікбай НҰРҒИСАЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша  департаментінің басшысы – Әдеп  жөніндегі кеңес төрағасы

Сурет ғаламтордан алынды