ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ АВТОКӨЛІК ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 25.06.2019
Оқылды: 1229
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ қоғам тыныштығын күзетіп жүрген құзырлы мекеме өкілдеріне жаңа шыққан 82 автокөліктің кілтін табыстады.

Алдымен тәртіп сақшыларын мерекемен құттықтаған Амандық Ғаббасұлы өз сөзін:

– Құрметті полиция қызметкерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан полициясы күнімен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында: «Полицияның жұмысы  қоғамның жіті назарында. Полиция ашық болуы тиіс. Бұл үшін халықпен тығыз байланыс қажет», –  деп атап өткен болатын. Халық сіздерді өз қорғаушысы ретінде көріп,  қауіпсіздікте екендігін сезінуі тиіс, – деп бастап, өңірдегі қолға алынған игілікті істердің есебін берді. – Қылмыспен күресте, қоғамдық тәртіпті сақтауда, қауіпсіздікті нығайтуда ұсақ-түйек деген болмайды. Мұнда күн сайын қызметке түсетін әрбір полиция қызметкерінің еңбегі маңызды саналады. Азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі әрбір полицейдің жауапкершілігі мен кәсібилігіне байланысты. Облыстағы ішкі істер органдарының материалды-техникалық базасы мемлекет қолдауының арқасында жыл өткен сайын нығайып келеді. Соңғы екі жылдың ішінде жергілікті бюджеттен 31 миллиард теңге бөлініп, оның 4,5 миллиард теңгесі материалды-техникалық базаны нығайтуға жұмсалды. Былтыр 607,6 миллион теңгеге 102 дана автотранспорт сатып алынса, биыл 1,1 миллиард теңгеге 136 автокөлік алу жоспарланған болатын. Бүгін 82 көліктің кілтін табыстап, отырмыз. Сол арқылы облыстық полиция департаментін қызметтік автотранспортпен қамту ісі 98,7 пайызды құрайды.

Жаңадан алынған автокөліктердің кілті учаскелік инспекторларға, жол-патруль қызметі мен кезекші бөлімдердің басшыларына салтанатпен табысталып, Талдықорған қаласының орталық алаңында алғашқы жүрістерін бастады. Көпшілікке сөз арнаған өңір жетекшісінің айтуына қарағанда, учаскелік полиция инспекторларына 177 тұрғын үйі бар полиция бекеттері пайдалануға беріліп, жыл сайын қажетті технологиямен қамтамасыз етіліп келеді. Алдағы 2020 жылдың соңына дейін тағы 220 полиция бекеті салынып, мамандардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріледі. Одан бөлек, жергілікті полиция қызметкерлерінің элек- тронды хаттама толтыруына қажетті 860 бейнежетон, 954 планшет, 400 радиостансы алынады. Сондай-ақ, облыстың аудандары мен қалаларын бейнебақыалу камераларымен қамту ісі жалғасып, Қапшағай қаласына 300, Қаскелеңге 150, Жаркентке 50 бейнекамера орнатылады. Сонымен қатар, Талдықорған қаласына 500, Бақанас ауылына 5, Кеген ауылына 5, Шонжы ауылына 5 камера орнатудың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Полиция қызметкерлерінің мерекесіне орай облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генарал-майоры Мұрат Ұрұмханов қызмет атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің отбасы, әйел, бала-шағаларына құрмет көрсетіп, мерекемен құттықтады. Алдымен облыстық департамент ауласындағы обелиск жанындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен боздақтарды еске алған көпшілік І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға қатысты. Салтанатты шара кезінде 2008 жылы Қапшағай қаласында адам өлтіруші-киллерді ұстау кезінде қаза тапқан Ғалым Тәттібековтің анасы Бағайша Тәттібековаға, 2000 жылы Іле ауданында қарулы қылмыскерді ұстап, жанын қиған Манас Жұмаділовтың зайыбы Мәншүк Жұмаділоваға, 2013 жылы Алматы маңында қарулы қылмыскермен болған қақтығыста қаза тапқан арнайы жасақ жауынгері Ержан Ахметовтің жолдасы Баян Ахметоваға, 2009 жылы Сарқанда ерлікпен қаза тапқан Ермұқаш Қасеновтің жарына облыстық полиция департаменті басшылығының атынан Алғыс хат пен естелік жазуы бар қолсағат табысталды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, еліміздің қалыптасу жылдарында өңірде қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапқан 30-дан астам полиция өкіліне мемлекеттік награда берілді.

Мәди АЛЖАНБАЙ