АНАСЫН САБАҒАН ҰЛ: ЖАҒА ҰСТАТАР ІСТІ СОТ ТҮНДЕ ҚАРАДЫ

Уақыты: 04.07.2019
Оқылды: 2065
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздің сот жүйесі халықтың уақыты мен жағдайын ескеріп, тиімді шараларды қолға алуда. Сондай игілікті шараның қатарына «Түнгі сот» пилоттық жобасын жатқызуға болады. Шетін оқиғаларды ұзатпай қарауға мүмкіндік беретін жоба көпшіліктің көңілінен шығып, тұрғындардың ризашылығына ие болуда. Пилоттық жоба шеңберінде Панфилов аудандық соты күн сайын әкімшілік істерді қарап, азаматтардың өзара түсініспеушілігін реттеуді жолға қойып келеді. Атап айтқанда, Панфилов аудандық сот төрайымы Динара ҚҰЙҚАБАЕВА бастаған судьялардың Эльмира АСУБАЕВА, Құралай БАЙОРАЗОВАНЫҢ «Түнгі сот» пилоттық жобасына қосқан үлесі зор.

Жаңа жобамен қаралған істердің қатарында азаматтар арасындағы кикілжіңнен бастап, автокөлік оқиғасына дейінгі аралықтағы барлық құқықбұзушылықтар бар. Мысалы, Н. есімді келіншек Ж. есімді құрбысын жаман сөздермен балағаттап, қол жұмсайды. Жәбірленушінің денсаулығына жеңіл зиян келтірген соққы тигендіктен азаматша Н.-ға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-2 бабының 1 бөлігімен қозғалған әкімшілік істі сот кешкі уақытта, яғни, 18.30-дан 22.00 аралығында қарады. Құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін әрі танысынан кешірім сұрап, жаза тартуға пейілді екендігін жеткізді. Осыған орай сот әкімшілік жаза ретінде 10 айлық есептік көрсеткішпен, яғни, 24050 теңге айыппұл салып, тараптардың татуласуына мүмкіндік берді.

Қоғам болған соң түрлі келеңсіздіктер мен ұятты нәрселер жиі кездеседі. Мысалы, өз анасын сабаған азамат С.-ның үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 73-2 бабының 1 бөлігімен қозғалған әкімшілік істің түйіні «Түнгі сот» пилоттық жобасымен шешілді. Панфилов аудандық соты қараған істе азаматша К. құқықбұзушы С.-ның өз ұлы екендігін, мас күйінде ұдайы ұрып-соғатынын, жиі ішімдік ішетінін айтып, жаза қолдануды сұрады. Оның үстіне құқықбұзушы С. анасын қылғындырып, денесіне жарақат салған. Сот отырысында тараптар мұқият тыңдалып, әкімшілік жаза ретінде құқықбұзушыны 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алуға шешім шығарылды.

Соттың ашықтығы мен жариялылығын жүзеге асыру мақсатында Панфилов аудандық соты «SMART COT» жобасын іске асыруға кірісіп, жаңашылдыққа қадам басты. Сол арқылы сот процесіне қатысушы тараптар ұялы телефонға орнатылған «TrueConf» бағдарламасымен істі нақты уақыт режимінде қарай алады. Осы жобаның шеңберінде Панфилов аудандық сотында азаматтық іс ұялы телефон арқылы онлайн режимінде қаралды. Әке болуды анықтау туралы куәлікті жарамсыз деп тану туралы талапқа сәйкес сот отырысына қатыса алмаған шағымданушы ұялы телефон арқылы сот отырысына қосылып, сот ісіне куә болды. Озық ІТ технологияларды енгізу сот төрелігінің ұтқырлығы мен ашықтығын арттырады және үдерісті едәуір жеңілдетуге, еліміздің кез келген аймағында ғана емес, сонымен қатар, бюджет қаражатын үнемдейтін әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні сотта бірнеше пилоттық жоба қолға алынуда. Атап айтқанда, «Татуласу: сотқа дейін, сотта», «Түнгі сот», «Виртуалдық сот», «Алқа билер» сынды жобалар қазірдің өзінде көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Жобалардың нәтижесі былтырмен салыстырғанда жоғары көрсеткішке ие. Мысалы, «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы бойынша 32 іс татуласумен аяқталса, «Түнгі сот» жобасымен 18 іс қаралған. «Виртуалдық сот» жобасымен қаралған 16 іс өз нәтижесін берсе, «Алқа билер» жобасымен қаралған 4 істің екеуі бойынша тараптар татуласты. Одан бөлек қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік беретін «QR code» бағдарлама енгізіліп, сотқа келген азаматтар керекті ақпаратты телефоны арқылы алады.

Тағы бір жаңа жоба – «digital agent» бағдарламасы арқылы сотқа келген тараптар сот қызметкерлерінің жұмыс сапасына баға береді.

Борамбай ЕРҚАЛЫМ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Панфилов ауданы