ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ САЙТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 02.07.2019
Оқылды: 1039
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында үш мәселе қаралып, өңірдің өркендеуіне қажетті салалардың жұмысы талқыланды. Алдымен облыстық мәслихаттың және облыс әкімдігінің 8 нормативтік-құқықтық актілерінің жобалары жария талқыланса, жиында қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы» облыстық білім басқармасының ақпараты тыңдалып, көпшілік талқылауына салынды. Үшінші мәселе бойынша, облыстық Қоғамдық кеңес қызметі туралы ақпаратты интернет желісінде және әлеуметтік желілерде жариялау үшін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің арнайы құрылған сайтының тұсаукесері жасалды.

Жиынды ашып, жүргізіп отырған Қоғамдық кеңес төрағасы Әлихан Тойбаев кеңес мүшелерінің келісімімен жиында қаралуы керек болған өңірдегі ара шаруашылығын дамыту мәселесі келесі отырысқа қалғанын жеткізді. Оған облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшылығының іссапарға кетуі себеп болған.

Осыған орай дауыс беру арқылы күн тәртібін бекіткен көпшілік қарауға ұсынылған облыс әкімдігінің «Алматы облысы әкімдігінің  2019–2020 оқу жылына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіту туралы» қаулысының жобасы, «Алматы облысы әкімдігінің Су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы» қаулысының жобасы, «Алматы облысы әкімдігінің «Іле-Балхаш» мемлекеттік табиғи резерватының күзет аймағы мен табиғат пайдалану режимін белгілеу туралы» қаулысының жобасы мен облыстық мәслихаттың «Алматы облысы бойынша жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы» шешімінің жобасы,  сонымен бірге,  «Алматы облысы әкімдігінің ағаштарды кесуге рұқсат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет регламентін бекіту туралы» қаулысының жобасы, «Алматы облысы әкімдігінің жер қойнауын пайдалану саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер регламенттерін бекіту ту-ралы» қаулысының жобасы, «Алматы облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік сала-сында көрсетілетін мемлекеттік қыз-меттер регламенттерін бекіту туралы» қаулысының жобасы, «Алматы облысы әкімдігінің ашық деректердің ин-тернет-порталында орналастырылатын  ашық   деректер тізбесін бекіту туралы» қаулысының жобасы жария талқыланды.

Одан соң облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мем-лекеттік бағдарламасының орындалу барысы туралы» баяндама жасап, Жетісу жеріндегі білім саласының нәтижесін таныстырды.

Қоғамдық кеңес отырысында қаралған үшінші мәселе – облыстық Қоғамдық кеңестің қызметі туралы ақпаратты интернет желісінде және әлеуметтік желілерде жария ету үшін арнайы құрылған сайт таныстырылымын жүргізу үшін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Жанна Арынбековаға сөз беріліп, атқарылған істердің нәтижесі таныстырылды.

Мәди АЛЖАНБАЙ