ГЕНЕРАЛ: «ХАЛЫҚҚА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН АСҚАН БАҚЫТ ЖОҚ»

Уақыты: 12.07.2019
Оқылды: 1324
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында генерал-майор Алмасбек Әбдірахмановтың 80-жылдық мерейтой кеші өтті. Салтанатты шараға Қарулы Күштердің ардагерлері, Алматы гарнизонының әскери қызметшілері мен РЭжБӘИИ курсанттары қатысты.

Мерекелік кеш Алмасбек Әбдірахмановтың өмір жолы туралы деректі фильм көрсетумен басталды. Генерал-майор Алмасбек Әбдірахманов взвод командирінен бастап ҚР Қорғаныс министрлігі Бас штабы бастығының орынбасарына дейін басшылық қызметінің барлығын өткерген. Қазақстан әскері құрылған жылдары Қарулы Күштердің штаттық құрылымын жасауға атсалысқан, бірқатар әскери заңнамаларды жобалауға үлесін қосқан. Мерейтой иесіне армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың құттықтау хаты мен ҚР Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтің грамотасы табысталды. Қызметтес болған генерал мырзалар ақжарма тілектерін білдірді, 1-курс курсанты Қанат Дастан генералға жыр жолдарын арнады.

– Генерал мырзаның тұтас өмір жолы Отанға, еліне адал қызмет етуге арналды. Әлі күнге дейін сол қалпынан танған емес. Адалдық пен әділдікті ұстаным еткен Алмасбек Сейітұлының ғұмыры соңынан ерген ұрпақтар үшін үлгі болып қала бермек, – деп атап өтті Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты бастығының бірінші орынбасары, полковник Талғат Әжібаев.

Кеш соңында сөз алған мерейтой иесі болашақ офицерлерге арналған ақыл-кеңесін айтты, ағалық ақылын жеткізді.

– Отанды сүйіңдер, оған адал қызмет етіңдер. Өздеріңе жүктелген істі жауапкершілікпен тыңғылықты орындап, өмірлік ұстанымдарыңа берік болыңдар. Бұл өмірде Отанға, халыққа адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ, – деп сөзін аяқтады генерал-майор Алмасбек Әбдірахманов.

РЭжБӘИИ баспасөз қызметі

Фотоны түсірген Р. Тұрсынзада