"АРМИ-2019": ДЕСАНТШЫЛАР САҚАДАЙ САЙ

Уақыты: 17.07.2019
Оқылды: 933
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің үздік жауынгерлері Ресей Федерациясының Псков облысында өтетін «Десанттық взвод» конкурсында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын болады.

Алматы облысының «Іле» оқу полигонында "АРМИ-2019" халықаралық әскери ойындарына қатысатын «Десанттық взвод» құрама командасы соңғы дайындықтарын жүргізуде. Бұл конкурсқа іріктеу жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрды. Әскери қызметшілер өздерінің мықтылығын батальондық, бригадалық және әскерлер деңгейінде дәлелдеп таңдалды. Конкурс ережесіне сай 42 әскери қызметші іріктеліп, 3 негізгі бөлімше мен 1 қосалқы бөлімше жасақталды. Конкурстың негізгі бөлімі 3-17 тамыз аралығында Псков облысының «Струги красные» полигонында өтетін болады. Қазақстандық команда 26 шілде күні аттанады деп жоспарлануда. Себебі әскери қызметшілер сол елдімекеннің климатына бейімделіп, қаруын келтіріп, қоршаған ортамен танысуы тиісті.

Аталмыш конкурстың басты мақсаты болып халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, әскери қызметтің мәртебесін көтеріп, жеке құрамның машықтылығы мен кәсібилігін бақылау болып белгіленді.

Есептеу барысында әскери техникамен өнер көрсететін жеке құрамның көрсеткіштерінің маңыздылығы жоғары болады. Жалпы есептік орындардан басқа, конкурст ережесіне сәйкес қосымша номинациялар бойынша марапаттау рәсімі өтеді. Олар «Рухымен мықты», «Бірге біз мықтымыз», «Бәйге шебері», «Дәлдікке қону» және «Өз ісінің шебері» номинациялары.

Аталмыш конкурсқа 20 елден келген командалар қатысады деп күтілуде. Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы дәл осы конкурс Қытай Халық Республикасында өтіп, қазақстандық десантшылар 8 елдің арасында Ресей мен ҚХР алға жіберіп үшінші орынға табан тіреді.

 

Рүстем Игісінов,
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз хатшысы