МҰҒАЛІМДЕР АРТЫҚ ЖҰМЫСТАН БОСАТЫЛАДЫ: ҮКІМЕТТЕ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ

Уақыты: 29.08.2019
Оқылды: 2104
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Премьер-Министр Асқар МАМИННІҢ төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралды.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген заң жобасын жиналғандарға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды. Әзірленген заң жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін дамыту және оның сапасын арттыру жөніндегі алға қойған міндеттері үдесінен шығады.

Заң жобасының негізгі міндеті – мұғалімдерді басы артық жұмыстан босату, сондай-ақ, оқытушылардың өзін-өзі дамытып, шығармашылығын өркендетуге жол ашу. Осы тұрғыда мемлекет мұғалім мәртебесін көтеру бойынша алдағы үш жылға 930 миллиард теңге бөлуге дайын.

Өз кезегінде сөз алған облыс басшысы Амандық Баталов: «Жетісу жерінің педагогикалық қоғамдастығы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын дайындауға белсене қатысты. Талқылау барысында мыңнан аса ұсыныс келіп түссе, соның жартысынан көбі ауыл ұстаздарынан. Сондықтан заң жобасының 12-бабы біз үшін аса маңызды. Ол жерде ауыл мұғалімдерінің мәртебесін көтеру, жалақысын өсіріп, әлеуметтік көмек көрсету жөнінде баяндалған», – деп атап өтті.

Облысымыздағы 760 мектепте 38 мыңнан аса ұстаз болса, соның 38 пайызы ауылдық жерде қызмет істейді. Сөз арасында Амандық Ғаббасұлы жас мамандар үшін ауылдық жерде барлық жағдай жасалатындығы, сондай-ақ, ауылдағы білім беру деңгейін арттырып, оның сапасын жақсарту жөнінде  айтып  өтті.

Жиын соңында Асқар Ұзақбайұлы 1 қыркүйекке қарай Парламент Мәжілісіне заң жобаларын енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Заң жобасы 5 бағыттан, 19 баптан және 192 баптық қосымшадан тұрады.

Қали АСҚАР