Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІ 1456 ЖЫЛЫ АЛДЫҚ": АКАДЕМИК СҰЛТАН САРТАЕВ ОСЫНДАЙ ПІКІР БІЛДІРДІ

Уақыты: 30.08.2019
Оқылды: 291
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Біздің Конституциямыз жан-жақты ойластырып жасалынған, өмір талабына сай келетін бағдаршам құжат. Сондықтан да Конституцияны жасаған кезде замана талабын толықтай ескеріп, елдің алға қойған мақсат-міндеттеріне сүйендік. Конституцияға қасаң түсінікпен ғана қарайтын болсақ, іс ешқашан алға баспайды. Ендеше, оған Ата Заң ретінде шынайы құрмет қалыптастыру – әр азаматтың борышы. Бұл ретте Конституцияның әрбір тарауын жақсы білуге міндеттіміз.

Мен 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы мен 1993 жылғы ҚР Конституциясын жасауға қатыстым. Ал 1995 жылғы Конституцияны жасауда комиссия құрамында  тікелей болған жоқпын. Дегенмен, осы Конституцияның жобасын талқылауға белсене араласып, негізгі заңнамалық актілерді жасауға қатыстым, ондағы тұжырымдар 1995 жылғы Конституцияда әртүрлі формада көрініс тапты. Сондай-ақ, осы әңгіме үстінде өзімнің көптеген іргелі заңнамалық актілердің жобасын жасағанымды айтуға тиіспін. Олардың арасында мысалға, 1990 жылғы 24 сәуірдегі ҚР Президенті лауазымын белгілеу туралы Заң бар. Аталған Заңда біз Президенттің құқықтары мен міндеттерін саралауға тырыстық. Мұндай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы ел алдында тұрған проблемаларды жедел шешу үшін жеткілікті өкілдіктері бар күшті көшбасшыға айналуы тиіс еді. Бұл жағынан ойлағанымыз болды десек, еш қателеспеймін.

Ал 1993 жылғы Конституцияға қатысты айтар болсам, ол сол кездің талаптарына толықтай жауап бере алмады. Сондықтан да 1995 жылы бүкілхалықтық талқылау негізінде тәуелсіз Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияда біз мемлекеттік өкімет билігін үш тармаққа бөлдік: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Онда Президентіміздің ауқымды өкілеттігі нақты белгіленді. Өтпелі кезеңде Президент ең көкейкесті мәселелерді дер кезінде шешуі тиіс. Осы құжатқа сәйкес Президент мемлекеттің барлық маңызды проблемаларын шешетін адам ғана емес, сонымен қатар республикамыз Конституциясының кепіліне айналды. Конституцияға әртүрлі жағдайда енгізілген басқа негізгі заңдар – ҚР Мемлекеттік егемендік туралы декларация мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Заңы болды. Бұл құжаттарда біз бүкіл әлемге демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құру талабымызды көрсеттік.

Жалпы, қазақ елінің мемлекет болып қалыптасу кезеңінде бес Конституциясы болған. Оның біріншісі 1924 жылы Орынборда қабылданған Автономды Республиканың Конституциясы еді. Одан кейінгісі 1937 жылы қабылданды. Бұл сол кезде одақтық деңгейде жасалған «Сталиндік Конституция», «Жеңген социализм Конституциясы» деп аталған Конституцияның көшірмесі еді. 1937-1977 жылдар аралығында 40 жыл өмір сүрген осы Конституцияға 500-ден астам өзгеріс енгізілді. Бұл бірде-бір елдің тарихында болмаған. Ол өзгерістер мынандай жайттарға байланысты енгізілді. Мысалы, онда аудандар, министрліктер, облыстар тізімі енгізілген. Кейін осылардың атауы өзгерген кезде Конституцияға да өзгеріс енгізуге мәжбүр болдық. Бұл тоталитарлық жүйедегі 2-ші Конституция еді. Ал осы тәртіптегі 3-ші Конституция 1978 жылы қабылданды. Бұл Конституция КСРО-ның 1977 жылы қабылданған Конституциясы негізінде қабылданды. Содан кейінгісі тәуелсіз ел ретіндегі екі Конституция.

Қазақ ерте заманнан-ақ тәуелсіздікті арман еткен халықтардың бірі. Бірінші рет тәуелсіздігімізді 1456 жылы Жәнібек пен Керей Алтын Ордадан бөлініп, Қазақ хандығын жариялағанда алдық. Содан кейін жоғалтып алған тәуелсіздігімізді 1991 жылғы 16 желтоқсанда өзімізге қайтадан оралттық. Сол оқиғаларды көз алдыма елестетсем көңіліме қуаныш толып, жүрегім жарылып кете жаздайды. Себебі, бостандықты, тәуелсіздікті жариялау әркімнің үлесіне тие бермейді. Бүгінде мен осынау естен кетпес тарихи сәттегі айрықша маңызды оқиғалардың бел ортасында жүргенімді өзгеше мақтан тұтамын. Мұны мен тағдырдың үлкен сыйы деп қабылдаймын. Ел аузында «Ризамын осы өмірді бергеніңе, азды-көпті қызықты көргеніме» деген сөз бар. Осы сөзді жиі айтамын.

Бүкіл республика халқын тәуелсіз елдің Конституциясы күнімен құттықтаймын. Біз Конституциялық кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Ал, Конституцияны ешкімнің бұзуға қақысы жоқ. Сондықтан да болар, Конституциямызды өте құрметтейміз, оны бағалаймыз.

Конституцияны оқыған уақытта қолға қарындаш алып, керек деп көңілге түйген тұстарын сызып отыруды ұсынар едім. Ол ой туғызады. Ой нақты іске жетелейді. Конституцияның өмірлік қолданысқа енуі деген мәселе осыдан келіп шығады. Конституцияның нұсқауын, өкілетін жүзеге асырушы – азаматтар. Сондықтан да, әр азаматты Конституцияны араға белгілі бір уақыт салып, оқып отыруға шақырамын. Конституцияны білмеу – құқықтық ой-өрістің тарылуы деген сөз. Мәселен, америкалықтар Конституциясын жақсы біледі. Бір жағдай бола қалса олар «сіз менің конституциялық құқығыма қол сұғып тұрсыз» деп, өздерін жақсы қорғай алады. Мен мұны неге айтып отырмын? Адам құқығының сақталуы, демократиялық баланстың орнауы – бәрі-бәрі құқықтық сауаттылыққа, яғни, өзімізге байланысты.

Сұлтан САРТАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы,

профессор