"ЕРКЕКСІЗ ЖҮРУГЕ БОЛМАЙДЫ": СИРИЯДАН ОРАЛҒАН ҚЫЗ АРМАНЫН АЙТТЫ

Уақыты: 13.09.2019
Оқылды: 1519
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Бір тағдыр – бір әлем. Адам басына келетін қиындықты да, жеңілдікті де өзі таңдайды. Жақсылыққа бет бұру да, жамандыққа ілесу де өзіне байланысты. Алайда адамдардың айдауымен қоғамнан теріс айналу, мемлекеттің бағытынан кері кету тапа-тал түсте адасумен тең. «Нұр Мүбарак» Ислам институтының Талғар қаласындағы дайындық курсына қабылданған 15 жасар Нұрикамалдың басына түскен жағдай осыған келеді.

2013 жылы анасының айтуымен Шам өлкесінде қара тулы халифат құрмақ болған уаһһаби-салафилік ағымның жетегіне ілескен бойжеткен 6-7 жыл бойы үлкен қалаларды жермен-жексен еткен қырғын соғысқа, бейбіт жандарды тура жолдан адастырған діни ағым өкілдерінің қатігездігі мен жәдігөйлігіне куә болды. Биыл еліміз өткізген «Жусан» операциясымен туған топыраққа жалғыз оралған жан 11 жасында тұрмысқа шығып, өмір сынына ерте араласады. Әке-шешесі 3 жасында ажырасып кеткен қыз әкеден жалғыз, шешеден екеу. Уаһһаби-салафилік ағымның айтқанымен жүріп, айтағына ерген күйі елге қайтпаған анасының қасында сіңлісі қалған. Олардан еш хабар ала алмаған бойжеткен Ақтау қаласындағы оңалту орталығынан соң Талғар қаласындағы туысының қамқорлығына берілген. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты медресеге кірген бойжеткенмен кездесуімізді Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің және облыстық дін істері басқармасының мамандары ұйымдастырған болатын. Солардың өтінішімен кейіпкеріміздің аты-жөні өзгертілді.

Аз-кем таныстықтан соң соғыс өрті тұтанған Сирияға барудағы мақсат не екендігін білмек болып қойған сұрағымызға:

– Білмеймін, анам таң намазынан кейін тұрғызып алып: «Тез-тез жиналыңдар! Кетеміз!» – деді. Қайда баратынымызды сұрасам айтпады. Сөйтіп, қысқа уақытта жиналып кетіп қалдық, – деген жауап айтты.

– Барғанда қалай қарсы алды? Қандай әсерде болдың? Адам басында түрлі сезімдер бар ғой, қуаныш, жеккөрушілік секілді. «Неге келдік?» деген күмән болуы да мүмкін. Жергілікті халықты: «Қош келдіңдер!» деп қарсы алды ма?

– Білмеймін, алғашқы кездегі сәттер есімде жоқ.

– Қанша жаста едің?

– Жеті жарым жастамын. Талай қиындық көрдік. Шабуылдар басталғанда соғыстың зардабын әбден тарттық. Тіпті, 25 күн бойы далада жатқан кезіміз болды. Суықта тоңып, аштыққа ұшырадық.

– «Жусан» операциясын қайдан естідің?

– Депортация болатынын босқындар лагерінде жүргенде естігенмін. Алайда бірден кетуге өтініш жаза алмадым. Себебі, анам мен сіңлімді ойлап, солармен бірге кетуді ойластырғанмын. Оның үстіне кейбіреулер: «Не қыласың, елге барсаң қамап тастайды немесе басқаша жазалайды» – деп қорқытты. Содан да болар, екі ойлы болып жүргенімде сол жердегі ухтилар («ухти» – араб тілінде қарындас, сіңлі, апай, әпке деген мағына береді): «Истихара намазын оқып, қайырлысын, дұрысын Алладан сұра!» – деген ақыл айтты. Ақыры көп ұзамай елге кету керектігін айтқанымда күйеуім мен қайын атам рұқсатын беріп, шығарып салды.

– Жалпы, дін туралы білімің бар ма? Мәзһаб, ақида туралы білім алып па едің?

– Жоқ, соншалық білімді емеспін. Ақидадан балаларға арналған нұсқасын оқығанмын. Алланы тану, дінді білу секілді тақырыптардың өзін толық меңгермегенмін.

– Күйеуге шыққаныңды естідік. Неге ерте тұрмысқа шықтың?

– Ол жерде еркексіз жүруге болмайды. Эвакуация болған жағдайда әркім өз отбасын ертіп, жүре беретін. Ешкім ешкімге қарамайтын, көмек бермейтін. Далада жалғыз қалғаныңа, еңіреп жылағаныңа пысқырмайды.

– Қай жақтың азаматына шықтың?

– Шымкент.

– Қазақстан азаматы ма?

– Иә.

– Қазақ па?

– Иә.

Қысқа уақытқа белгіленген кездесуімізде осы тақілеттес сұрақтар қойылды. Көрген қиындығын, тартқан азабын айтуды артық көрді ме, Нұрикамал ол жайында жұмған аузын ашпады. Тек анасын сағынатынын, әлі хабарсыз отырғанын айтқанда барынша ашылып, өз қатарластарына ананы құрметтеу керектігін жеткізгісі келетінін айтты. Әдетте туған шешесі жайлы айтқанда қыз-келіншектер, тіпті, кәрі кейуаналардың өзі көзіне жас алады. Бірақ кейіпкеріміздің жанарынан жарты тамшы жас шықпағаны қайран қалдырды. Әлде көрген азабы мен тартқан зардабынан жылай-жылай көз жасы таусылғаны ма? Зорлық-зомбылық пен күнделікті өлім-жітімнен адамның еті өліп кете ме? Сұрақ көп, жауап жартымсыз.

– Арман, мақсат, мұрат бар ма?

– Алдымен білім алу. Содан соң алған ілімімді басқалармен бөлісуді армандаймын. Ақыретке бос кетпей, сауапты мол алуды көздеймін. Кімде ілім бар, содан білім алуды ниет етіп отырмын. Әйтпегенде білімсіздіктің зардабы қандай болатынын өз көзіммен көрдім.

Иә, білім алмаудың, ізденбеудің ақыры осылайша түйінделгенін кейіпкеріміз мойындап отыр. Бірақ балалығын, балғын шағын соғыс жалмаған Нұрикамал бар мен жоқтың бағасын енді білгенін айтады. Тіпті, еске алатын қызғылықты сәттерінің жоқ екендігін айтып, бала күндерінің текке өткенін алға тартады. Соған байланысты «Жусан» операциясымен оралғандығына шүкірлік етеді, шалғайда адасып жүрген отандастарын іздестірген күштік құрылымдарға разылығын білдіреді. Алғашында дүдәмал көңілмен қадам басқанда қадамды құшақ жая қарсы алған мамандардың жарқын жүзі мен жанашыр пейіліне қуанғанын растайды. Өйткені, өз елінің адамдары іздестіріп жатқанын естігенде босқындар лагеріндегі Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерінің әйелдері бұларға қызыға қарап, жақсы дұға-тілек тілеуін сұрап жалбарынғаны есінде. Сол арқылы қазақ халқының: «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген мәтелінің мәнін ұғынғандай болды.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Сурет ғаламтордан алынды