БОЛАШАҚ ЖАСТАР ҚОЛЫНДА

Уақыты: 22.09.2019
Оқылды: 2018
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық әділет департаментінің, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және гуманитарлық-экономикалық колледж қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Кемелді келешекке – парасыз жол!» атты екі кездесу өткізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген мәселелерге арналған кездесулерге аталған оқу орындарының студенттері қатысып, қоғамның назарын аудартқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізудің жолдары мен тәсілдерін талқылады.
Өз заманының ғұлама ой­шылы Аристотель: «Кез келген мемлекеттік құрылыстағы басты нәрсе – бұл заңдар өзге де күн тәртібінің жәрдемімен істі лауазым иелері баю жолына түсіп кетпейтіндей етіп ұйымдастыру. Жалпы жұртқа ортақ пайда келуін ойластыратын мемлекеттік құрылыстар ғана әділ болмақ», – деген екен. Осыған орай ұйымдастырылған кездесулердің негізгі идеясы – жастармен жүздесіп, жемқорлыққа қарсы заңнаманы, сыбайлас жемқорлық туралы ұғымды түсіндіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шараларды жетілдіру, студенттер арасында заңдылық пен жемқорлыққа қарсы тәртіп орнату, сыбайлас жемқорлық құбылыстарына қарсы әрекет ете білуге тәрбиелеу.
Кездесуді ашып, жүргізіп отырған Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құқық және экономика факультетінің азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Лаура Садуақасова баяндама жасау үшін облыстық әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Тілек Арынханұлына сөз берді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – баршамызға ортақ іс» деген тақырыпта бүгінгі күннің өзекті мәселесіне қатысты мәліметтер мен деректерді таныстырған баяндамашы сыбайластық пен жемқорлықты, парақорлықты болдырмаудың маңызды екендігіне тоқталды. Одан кейін сөз алған осы жолдардың авторы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір азаматтың міндеті» деген тақырыппен баршаға ортақ міндеттің өзектілігін түсіндіріп өтті.
Жиында 2015 жылғы 18 қарашада қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты биылғы Жолдауы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясы, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы сынды құжаттар мен заңнамалар кеңінен талқыланды. Студенттер қауымы тарапынан қойылған сұрақтарға департамент қызметкерлері жауап берсе, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті құқық және экономика факультетінің азаматтық құқықтық пәндер кафедрасының оқытушылары мен студенттері өздерін толғандырған ойларын ортаға салып, шынайы пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің және гуманитарлық-экономикалық колледжінің студенттері сыбайлас жемқорлықпен күреске орай дайындаған слайдтарын көрсетіп, іс-шараны патриоттық әндерімен түйіндеді. Қорыта келгенде, жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсылығын осылай білдіріп, еліміздің кемел келешегі жас ұрпақтың қолында екендігін ашық жеткізді.

Балым ТОҚПАҚОВА,
облыстық әділет департаментінің бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы
Сурет ғаламтордан алынды