ҚАЗАҚ САРБАЗЫ ОСЫНДАЙ БОЛСЫН: ГЕНЕРАЛДЫҢ ӨМІРІ БӘРІМІЗГЕ ӨНЕГЕ

Уақыты: 26.09.2019
Оқылды: 1337
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісудың киелі жерінен нәр алып өскен бала үшін Отанының, елінің қорғаны болу жүрегін алғаш жарып шыққан бала арманы еді. Орта мектепті бітірген ол әскери оқу орнына түсу үшін еш ойланбастан әскери комиссариатқа құжаттарын тапсырады. Әскери қызметші болу арманы жүрек төріне мықтап бекігені сонша, әскери оқуға түспеген жағдайда басқа мамандықты қосымша таңдауды ойына да алмаған.

Бұл заңды да, «Отан оттан да ыстық, жалыны бар шоқтан да ыстық» деген нақылды бойына, жүрегіне, санасына әбден сіңіріп, патриотизм рухында тәрбиеленіп өскен Асқар Мұстабеков үшін басқа таңдаудың болуы да мүмкін емес еді. Тағдырын әскермен байланыстыруда жастайынан жігіттік намысын жанып, батылдыққа, ержүректікке баулыған асқар таудай әкенің – Досбосын Мұстабекұлының рөлі зор. Әке нұсқаған сол сара жол темірқазықтай өміріне бағыт-бағдар беріп келеді. Саналы ғұмырын елінің қорғаныс саласына арнауы да, әскердің темірдей тәртібіне еш қиындықсыз шыңдалып шығуы да әке берген тәлім-тәрбиенің арқасы.

Ресейдің Нижегородск қаласындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жоғары зенитті-зымыранды командалық училищесіне түсуі Асқар Досбосынұлының қорғаныс саласындағы алғашқы жетістігі еді. Одан кейін білім-ғылымға арнаған өмір жолы жіптей тізбектеліп кете береді: Қазақ жол қатынастары университеті (техника ғылымдарының магистрі), ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің академиялық курстары («Әскери және әкімшілік басқару» мамандығы), ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің PhD докторанты.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін ел қорғау мамандығы қырағылықты, өз ісіне деген асқан шеберлікті, жауапкершілікті қажет етеді. Осы қасиеттерге қоса өзіне тапсырылған істі тыңғылықты орындап, жүктелген міндетті абыроймен атқаруды өзіне парыз санайтын Асқар Мұстабеков бүгінде генерал-майор шенінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын басқарады.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының басты бағыты – еліміздің Қарулы Күштерінің зияткерлік діңгегін қалайтын, жоғары кәсіби деңгейдегі әскери мамандар дайындау. Институт Әскери радиотехника; Радио-байланыс пен зенитті ракеталық әскерлердің қондырғыларын жөндеу; Зенитті ракеталық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы; Радиотехникалық әскерлердің бөлімдері мен бөлімшелерінің радиотехникасы; ҚР Қарулы Күштеріндегі автоматты басқару жүйелерінің инженері мамандықтары бойынша білікті мамандар тәрбиелейді.

Әскери институт Үкімет қаулысымен 2001 жылдың 15 қазанында құрылған. Осынау 18 жылда әскери білім жүйесі реформаланып, заманауи талаптарға сай оқу-әдістемелік жүйе қалыптасты. Осы уақыт ішінде еліміздің қорғаныс саласына 2000-ға жуық офицер дайындалды, олардың 320-дан астамы «оқу үздігі» атанса, 30 курсант «Алтын төсбелгімен» марапатталды. Бүгінде олар еліміздің әр тарапында бригада командирлерінің орынбасары, батальон, рота командирлері лауазымында Отанына қалтқысыз қызмет атқарып жүр. Қарулы Күштерде ғана емес, әскери саланың басқа да құрылымдарында, зенитті ракеталық, радиотехникалық бөлімдерде, байланыс, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз ету нысандарында, автоматтандырылған басқару жүйелерінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, шекара шебінде қызмет етіп жүрген офицерлер де жетерлік.

Генерал-майор Асқар Мұстабеков курсанттардың институт қабырғасында сапалы білім, саналы тәрбие алуына үлкен еңбек сіңіріп келеді. Болашақ пен өркениет білімі мен біліктілігі қатар ұштасқан маманның қолында, дамыған 30 елдің қатарына енуіміз бәсекеге қабілетті етіп тәрбиеленген білімді жастарға байланысты екенін басты назарда ұстаған басшы бұл үшін барлық жағдайды жасаған.

Оған дәлел 2017 жылдан бері тұңғыш рет Қазақстанда өткізіліп келе жатқан ТМД қатысушы мемлекеттердің жоғары әскери білім беру ұйымдары курсанттарының математика пәні бойынша халықаралық олимпиадасы. 7 мемлекет өкілдері қатысатын олимпиадада қазақстандық курсанттар жүлделі екінші орынды иемденген. Осы уақытқа дейін институт курсанттары әртүрлі халықаралық деңгейдегі ғылыми олимпиадаларға белсенді түрде қатысып, үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

Генерал-майор Асқар Мұстабеков мемлекеттің үштілділік саясатын қолдап қана қоймай, оның дамуына үлес қосып келді. Оқу бағдарламасына өзгеріс енгізіліп, алдымен қазақ, содан кейін шет тілін жетік білуге көңіл бөлініп келеді. Бүгінде әр пәннен ағылшын тілінде дәріс беретін оқытушы дайындалуда. Олар үш тілді еркін түсініп, дәріс оқи алатындай деңгейге жету жолында ізденіп, еңбектенуде. Ол үшін арнайы Шет тілдері кафедрасы бар. Бұрын ағылшын тілін 1-2 курста ғана оқытылса, қазіргі кезде 1-5 курс аралығында кәсіби тұрғыда үйретуге басымдық берілген. Сондай-ақ, әскери институт қабырғасында құрылған «Патриот» ғылыми-дебат клубына мүше курсанттар үш тілде әртүрлі тақырыптардағы пікірсайысқа қатысып, үздік нәтиже көрсетіп келеді. Институт қабырғасында жылына екі рет осындай пікірсайыстар өткізіліп, курсанттар өзге жоғарғы оқу орындарының өкілдерімен ақыл мен білім жарыстырады.

Әскери институттың оқытушылық құрамының кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, курсанттардың сапалы білім алуына, оның нәтижелі болуына үлкен мән беретін Асқар Досбосынұлы әскери институт қабырғасында әр оқу жылында 40-қа жуық оқу-ғылыми конференция, оның ішінде 3-4-еуін халықаралық деңгейде өткізуді дәстүрге айналдырған.

Профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми жұмыстарын дамыту ісіне көңіл бөліп, жіті бақылауына алып, қадағалап отырады, қолдау көрсетеді. Ең үздік деп танылған ғылыми жобалар Қорғаныс министрлігі басшылығының назарына ұсынылып, одан ары дамыту жұмыстары жүргізіледі.

2018 жылы қыркүйек айында Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институт субъект ретінде Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінен аккредитациядан сәтті өткенін ерекше атап өткен жөн. Бұл дегеніміз әскери институттың мемлекеттік бюджет есебінен ғылыми-техникалық қызметке қатысуына мүмкіндік береді. Бұдан бөлек «РЭжБӘИИ-нің ғылыми еңбектері» атты әскери-техникалық журнал тоқсан сайын жарыққа шығып тұрады, онда институт оқушылары мен ізденушілері өздерінің ғылыми жұмыстарын көпшілік назарына ұсынып келеді. Сонымен қатар, әскери институттың «РЭжБӘИИ ғылыми еңбектері» журналын БжҒМ Білім мен ғылым саласын бақылау комитеті ұсынған басылымдар тізіміне енгізу үшін қажетті талаптар орындалып, құжаттар жолданды. Рұқсат алған жағдайда институттың ғылыми журналдың беделі артып, ғылыми қызметтің негізгі ғылыми нәтижелерін жариялауға арналған басылымдар тізбесіне енгізілетін болады.

Ес білгелі Отанға қызмет етсем, ел қорғасам деген арманның жетегінде ержеткен, өмірін қорғаныс саласына арнап, білікті офицер мамандарын дайындауда аянбай еңбек етіп келе жатқан әскери институт басшысы генерал-майор Асқар Мұстабеков бүгінде ердің жасы – 50-ге толып отыр. Өз ісінің хас шебері, ұлт жанашырының қорғаныс саласын дамытуға, нығайтуға қосқан үлесі зор, еңбегі ерен. Отан-Ана алдындағы перзенттік парызын адал атқара жүріп, табандылықпен, қажырлылықпен талай асуды бағындырған Асқар Досбосынұлын мерейтойымен құттықтап, мерейі тасып, халқына қызмет етудегі еңбегі жана берсін деген тілектеміз.

Жанар ЕРЖАН