НЕБӘРІ 15 ЖАСТА: АВТОКӨЛІК ҰРЛАҒАН ҚЫЗ ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 07.10.2019
Оқылды: 750
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы орталығының полицейлері «Лексус RХ-300» автокөлігін ұрлады деген күдікке ілінген 15 жасар қызды ұстады. Оның аймақтағы колледждердің бірінде оқитыны анықталды.

Оқиға 6 қазан күні тіркелген. Талдықорған қаласы полициясының «102» арнасына жергілікті сауналардың бірінің аумағынан джип ұрланғаны  туралы хабарлама келіп түсті. Көшелерде орналастырылған бейнебақылау камералары арқылы тәртіп сақшылары ұрланған көліктің бағытын анықтап, қаладан шығу жолдарына тосқауыл қойды.

«Автокөлік облыс орталығынан Үштөбе қаласына қарай бет алған. Күдікті құрбысымен бірге көлікті тастап, такси ұстап, із суытуға тырысты. Күдікке ілінген бойжеткен көлік иесінің танысы болып шықты. Күдікті қалалық полицияға жеткізілді және 15 жастағы бойжеткеннің Үштөбе колледжінің бірінде оқитыны анықталды. Ұрланған автокөлік бірден заңды иесіне қайтарылды», - деп хабарлайды Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда автокөлікті заңсыз иелену фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Құқықбұзушылыққа қатысы бар жағдайлар тексеру барысында анықталады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды