ЕҢ КӨП ПАРА СҰРАЙТЫН МЕКЕМЕЛЕР: КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫНДА НЕ АЙТЫЛДЫ?

Уақыты: 08.10.2019
Оқылды: 1154
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Облыстық әкімдік жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтіп, Жетісу жеріндегі заңсыздықтар мен құқықбұзушылықтарды болдырмаудың жолдары селекторлық режимде қарастырылды. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ төрағалығымен өткен жиынға облыстық соттың төрағасы, облыс прокуроры, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, аудан, қала әкімдері және олардың түрлі салаға жауапты орынбасарлары қатысып, өңір жетекшісінен тапсырма алды.

Алқалы жиында үш мәселе қаралды. Оның біріншісі – облыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстардың нәтижесі жайындағы ақпаратпен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев таныстырса, екінші мәселе – «Нұрлы Жер» бағдарламасымен бөлінген қаражаттың ашық және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету шаралары туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов баяндады. Ал, үшінші мәселе – «Жетісу – адалдық алаңы» жобасын жүзеге асыру жөнінде облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қуанышбек Қашқымбаев мәлімдеді.

Бірінші мәселеге орай баяндама жасаған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаевтың айтуынша, бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бақылауында тұр. Осыған орай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі елімізде көптеген шараларды қолға алып, парақорлық пен жемқорлықты тамырынан жоюдың жолдарын қарастырып жатыр. Атап айтқанда, «Адалдық алаңы», «Адал жол», «Саналы ұрпақ» сынды жобалар қоғамның жегіқұртына айналған сыбайлас жемқорлықпен күресті нығайту мақсатында іске қосылып отыр. Соған сай барлық өңірлерде әділдік, сенімділік және парасаттылық сынды асыл қасиеттерді насихаттау тұрақты жүргізіліп келеді.

Тіпті, жергілікті басқару органдары жұмысының ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Сервистік әкімдік» жобасы Үштөбе, Жаркент қалаларында және Сарыөзек селосында қолға алынуда. Ал, облыста 47 мектептің басшылары «Open space» форматына көшіп, кабинеттерін жаңа технологиямен жабдықтады. Одан бөлек, мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары жұмыс істесе, колледждер мен жоғары оқу орындарында «Саналы ұрпақ» жобасы қолға алынып жатыр.

Дегенмен, осындай жұмыстарға қарамастан Алматы облысында сыбайлас жемқорлық деректерімен істі болған шенеуніктердің келеңсіз әрекеті толастамай тұрғанын айтқан Данияр Тұрғанбаев мысал ретінде биылғы 9 айдың ішінде 112 қылмыстық құқықбұзушылық орын алғанын, оның 74–і парақорлыққа қатысты екендігін атап өтті.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары ауыр және аса ауыр деп екіге бөлінеді. Осындай қылмыстық істердің кесірінен келген шығын 24,5 миллион теңгені қамтыған. Сыбайлас жемқорлық қылмысының ішінде парақорлық дерегі 85,1%-ды құраса, қызметтік лауазымын асыра пайдалану 4,1%-ға пара-пар. Биылғы 9 айдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылған 51 тұлғаның тоғызына басшы ретінде қатаң жаза кесілді. Олардың қатарында «Қазжолқұрылыс» ЖШС жетекшісі З.Дощановтан 2018 жылдың желтоқсан айынан 2019 жылдың сәуіріне дейін Үшарал – Достық, Ұзынағаш – Отар бағыттарындағы республикалық маңызы бар жолдың сапасын бұрмалап көрсеткені үшін барлығы 2 миллион теңге пара алған ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автокөлік жолдары комитетіне қарасты «Алматыжолзертханасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы С.Кенжеғұл, 2018 жылы қазан айында «УМР-3» ЖШС жетекшісі Б.Артемовтан құрылыс нысандарында мердігерлік қызмет атқаруға мүмкіндік беру үшін 5,5 миллион теңге пара алған облыстық ауылшаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы С.Бекішов сынды тұлғалар бар. Аттары аталған екі тұлға қазір сотталып, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетілді. Олардан бөлек қызметтік лауазымын асыра пайдаланған 36 жауапты тұлға түрлі тәртіптік жазаға тартылған.

Сыбайлас жемқорлықтың шығу тегін, таралуын зерттеумен айналысатын халықаралық ұйымдар еліміздегі ахуалды зерделеп, келеңсіздіктердің басым салаларын анықтапты. Солардың қатарында «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры жүргізген зерттеу бойынша ең көп пара сұрайтын салалардың алдыңғы бестігі анықталған. Атап айтқанда, мамандардан ем алу 13,3%-ды, жұмысқа орналасу 8,6%-ды, жер телімін алу 7,2%-ды, баланы балабақшаға орналастыру 6,5%-ды, жол ережесін бұзу 5,3%-ды құраған. Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің пікіріне қарағанда құжат жасату 6,0%-дық, өрт қауіпсіздігін тексеру, рұқсат беру 6,0%-дық, құрылыс жүргізуге рұқсат алу 5,4%-дық, жер телімін алу 4,8%-дық, шекарадағы кедендік тексеру, тауар кіргізу 4,2%-дық көрсеткішпен сыбайлас жемқорлыққа апаратын себептің бастапқы бестігіне кірген.

Зерттеу нәтижелеріне қарағанда Алматы облысының жер қатынастары басқармасы еліміз бойынша ең парақор басқармалардың қатарынан орын алған. Сонымен қатар, облыстағы мемлекеттік балабақшалардағы сыбайластық көрсеткіші көңілге қорқыныш ұялатады. Себебі, баланы электронды кезекке қоюдың орташа парасы 35 мың теңгені құрайды. Республика бойынша Жетісу жеріндегі мемлекеттік балабақшалар Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау облыстарындағы мекемелермен бірге сыбайлас жемқорлық бойынша алғашқы төрттікке кіріп тұр.

Одан бөлек, өңірдегі жол ережесін бұзу деректерін бұрмалаудан полиция органдары, оқуға түсу мен сынақтан өтуді парамен есептейтін жоғары оқу орындары, салық мөлшерін азайтып көрсету бойынша мемлекеттік табыстар департаменті, шекарада тауар өткізуде кеден қызметі күллі республика бойынша ең жемқор салалардың қатарына кірген.

Осындай мәліметтер мен деректерге байланысты жауапты салаларды сұраққа алған облыс әкімі кеткен кемшілікті түзету жолында аянбай еңбек ету керектігін ескертті.

Бұдан соң баяндама жасап, «Нұрлы Жер» бағдарламасымен бөлінген қаражаттың  ашық және тиімді пайдалануын қамтамасыз ету шараларының нәтижесін таныстырған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дәурен Жолжанов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтан ақпарат алған өңір жетекшісі халықтың игілігі үшін атқарылар шаруаның түзу әрі нақты болуы керектігін ескертті. Әсіресе, облыста үйдің кезегінде тұрған 45 мың адамды баспанамен қамтамасыз ету ісінің жылдам әрі нәтижелі жүруі қажеттігін алға тартқан облыс әкімі Амандық Баталов мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің ауқымын ұлғайту керектігін тапсырды.

Одан кейін мінберге көтерілген облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қуанышбек Қашқымбаев Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін таныстырып, қараусыз қалған жер телімдері мен иесі бар жерлердің электронды картасының тиімділігін алға тартты. Оның айтуынша, жаңадан жасалған электронды карта өз кәсібін жүргіземін деген жеке кәсіпкерлер үшін таптырмас көмекші. Өйткені, кез келген компьютерден аша алатын адам картадан өз таңдаған аудан аумағындағы бос жердің мәліметімен танысып, лайықты аумақты таңдауға мүмкіндік алады. Одан бөлек, жер бедерінің топографиялық орналасуын үйден шықпай-ақ білуге болады. Яғни, мал жаюға ыңғайлы немесе ауылшаруашылық дақылын өсіруге тиімді жер телімін компьютерден оңай көруге болады. Бұл, ең алдымен, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Баяндамашы келтірген деректер мен мәліметтерге риза болған өңір жетекшісі электронды картаның өзге салаларға үлгі бола алатындығын ескертіп, барлық мемлекеттік органдарға өз қатарларында сыбайластықтың болмауын қадағалауды және сыбайлас жемқорлықпен күрес шараларын күшейтуді, мемлекеттік қызмет көрсетудің бекітілген көрсеткішіне қол жеткізуге қажетті жұмысты жүргізуді, жер телімін, баспана, балабақшалардан орын беру сияқты мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ашықтықты қамтамасыз етуді, мемлекеттік қызметкерлердің кез келген сыбайластық әрекетке «нөлдік төзімсіздік» танытуына қол жеткізуді тапсырды.

Мәди АЛЖАНБАЙ