54 АДАМ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ: ТҮРМЕДЕН БОСАП ШЫҚҚАНДАР МӘСЕЛЕСІ КӨТЕРІЛДІ

Уақыты: 11.10.2019
Оқылды: 984
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге де шараларын атқаратын мекемелердің қызметіне жәрдемдесу жөніндегі консультативтік-кеңесші органның отырысы болып өтті.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов жүргізді. Алғашқы сөзді қылмыстық-атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы жөніндегі топтың бас маманы, әділет майоры Сабира Мыңбаева алып, «Еңбекпен түзеу мекемелерінде сотталғандар арасында бейімдеу үшін жүргізілетін әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы» атты баяндама жасады. Сонымен қатар, ҚАЖД медициналық қызмет көрсету тобының аға маманы, әділет аға лейтенанты А.Жабықбаева түзеу мекемелерінде қамаудағыларды ұстау және оларға медициналық көмек көрсету шарттарын әңгімелесе, «Жеті ағаш» қоғамдық қоры басшысының көмекшісі Н.Аманжолова бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды бейімдеу жөніндегі ұйымның қызметінен хабар берді.

Одан кейін сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Зайда Илимжанова бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларды жұмыспен қамтуды қамту жөніндегі жұмыстың нәтижесін баяндады. Оның айтуынша, ҚР халықты жұмыспен қамту туралы Заңының 27-бабына сәйкес аудан, қала әкімдіктері осы санаттағы азаматтар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы қаулы қабылдады. Бұл бағытта 54 адам жұмысқа орналастырылса, биылғы 1 қыркүйекке дейін 18,8 млн. теңгеден астам қаржыға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілген.

Отырыс барысында ҚАЖД пробация қызметінің өкілі, Ақсу, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары мен Текелі қаласы әкімінің орынбасарлары қосымша баяндама жасады. Бұрын сотталған адамдар арасындағы қылмыстардың алдын алу бойынша жергілікті полиция қызметінің жұмысы және пробация қызметімен өзара іс-қимыл жасау туралы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы М.Демеубаев баяндады.

Отырыс соңында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов ҚАЖД түзеу мекемелерінде қамаудағыларды ұстауға тиісті жағдай жасау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Қамаудағыларды кепілді медициналық көмектің толық көлемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмыстарын тиісті түрде жүргізуге міндеттеді. Жергілікті полиция, пробация қызметіне бұрын сотталған адамдар арасындағы қылмыстардың алдын алуды күшейту тапсырылды.

АРДА БИ

Сурет ғаламтордан алынды