ТАЛҒАР АУДАНЫ: ШЕТЕЛ АЗАМАТЫН ӨЛТІРГЕН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 17.10.2019
Оқылды: 701
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында 6 адамнан тұратын қауіпті қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы "Қазақпарат" хабарлады.

Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұсталғандардың бәрі Талғар ауданында уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.

Топтың үлкені - 30, кішісі - 24 жаста. Ешқайсысы бұрын істі болмаған. Күдіктілердің 20 жастағы Өзбекстан азаматының өліміне қатысы бар екені және Талғар ауданында 2 дүкенді тонағаны дәлелденіп отыр. Барлық үш факт Кеңдала ауылдық округінде тамыздың соңы мен қазан айының басында тіркелген. Айғақ зат ретінде жәбірленушіні атқан шолақ мылтық тәркіленді.

«Бұл іс құрылым басшылығының жеке қадағалауына алынды. Сондай-ақ, кісі өлтіру дерегіне топтағы 4 азаматының қатысы бар екені және қарақшылық шабуылға 2-3 адамнан қатысып отырғаны анықталды. Шабуыл кезінде арнайы бетперде киген. Екі қарақшылық дерегі бойынша 1975 және 1977 жылы туған дүкен сатушылары куәгер болып отыр. «Қылмыстық топтың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда», - делінген Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"