"ЖОҒАРЫ МІНДЕТ ЖҮКТЕЛЕДІ": ӘСКЕРИ БАЙЛАНЫСШЫЛАРҒА АЛҒЫС ХАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Уақыты: 23.10.2019
Оқылды: 1215
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында байланыс әскерінің құрылу күніне орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Жиында қызметте ерекше жетістікке жеткен әскери байланысшылар мен ардагерлер Алғыс хатпен марапатталды.

Алқалы жиында сөз алған Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы, генерал-майор Асқар МҰСТАБЕКОВ:

– Әскери байланыс – қазақстандық армияның маңызды құрамы. Әскери қызметші-байланысшыларға күрделі және жауапкершілігі жоғары міндет жүктеледі. Қарулы Күштердің жауынгерлік міндеттерін орындаудағы табысы олардың жұмыстарына байланысты, – деп әскери байланысшыларға артылар жауапкершілік пен талаптың жүгі ауыр екендігін атап өтті.

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты – Қазақстандағы білікті офицерлерді даярлайтын жалғыз әскери оқу орны. 2001 жылы құрылып, 2002 жылдан бес жылдық оқыту бағдарламасы бойынша байланысшы курсант қабылдауды бастаған институтта әскери байланысшылар байланысты орнату және байланыстың әскери техникасы атты екі кафедра бойынша оқытылып, дайындалады. Екі кафедраның да заманауи зертханалық базасы бар. Институт аумағында оқу стационарлық байланыс торабы ашылған.

Мұнда курсанттар тәжірибелік және тактикалық-саптық сабақтарды орындау, мамандық бойынша қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жауынгерлік қолдану сынды тәжірибелерді жинақтайды. Курсанттар кешенді арнайы тактикалық сабақтарда маршты орындау, байланыс тораптарын өрістету және орау, жауынгерлік бекеттердің жұмысы мен жедел-техникалық құжаттамаларды пысықтау сияқты теориялық білім мен тәжірибелік дағдыны ұштастырады.

Жоғары оқу орнының кәсіби-педагогикалық даярлықтан және инженерлік-техникалық лауазым бойынша әскери тәжірибеден өткен оқытушылары білікті әскери маман даярлап, еліміздің қорғаныс саласын нығайтуға үлес қосып келеді. Радио-электроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 18 жылдық тарихында 200-ден астам офицер-байланысшы түлеп ұшты. Бүгінгі таңда олардың бәрі Қазақстанның Қарулы Күштерінде және басқа әскер мен әскери құралымдарда жауынгерлік борышын өткеруде.

Жанар ӘМІРЖАНОВА,

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының баспасөз хатшысы