ТАЛДЫҚОРҒАН: 13 ПӘТЕР ТОНАҒАН КҮДІКТІ ҚАМАУДА ОТЫР

Уақыты: 23.10.2019
Оқылды: 934
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының орталығында бірқатар қылмысқа қатысы бар деген күдікке ілінген 28 жастағы азамат ұсталды. Қазіргі уақытта оған кісі тонау дерегі мен 13 пәтер ұрлығына қатысы бар деген айып тағылып отыр.

Күдіктінің Алакөл ауданының тұрғыны екені және өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін оның бір жылға бостандығының шектелгені анықталды. «Арнайы іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталды. Оның 58 жастағы Талдықорған қаласының тұрғынынан ұялы телефонын тартып алғаны анықталды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде оның 13 пәтер ұрлығын жасағаны дәлелденді»,- деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталған азамат қазіргі уақытта Талдықорған қаласы полициясының уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Тәртіп сақшылары оның өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Сонымен қатар, полицейлер күдіктінің қолды қылған заттарын сатып алушыларды да анықтау жұмыстарын жүргізуде. Күдікті сатып жіберген заттар сатып алушылардан тәркіленіп, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелуде. Тергеу барысында сатып алушылардың да жауапкершілігі қарастырылатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды