"ЕЛУ МЕТРГЕ ДЕЙІН СҮЙРЕГЕН": ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ ДЕНЕ ЖАРАҚАТЫН АЛДЫ

Уақыты: 30.10.2019
Оқылды: 1172
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, оны көлігімен сүйреп, тәртіп сақшыларының қызметтік автокөлігін соққан күдіктінің тұлғасы анықталды. Оқиға орнынан бой тасалаған күдіктінің 52 жастағы жергілікті тұрғын екені белгілі болды.

Аталған дерек 26 қазанда Еңбекшіқазақ ауданында орын алған. Тәртіп сақшылары "Алматы-Көкпек-Көктал" автожолында "Мерседес-Бенс" көлігін кәмелет жасқа толмаған жасөспірімнің Байтерек ауылының маңында иесіз тастап кеткенін анықтаған. Көп ұзамай оқиға орнына келген көлік иесі полицейлерге түсіндірместен көлікке мініп, қашып кетпекші болған.

- Полиция қызметкері жүргізуші әрекетіне бөгет жасамақ болған. Алайда оны 50 метрге дейін сүйреп, полицейлердің қызметтік көлігін соғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдіктінің 52 жастағы жергілікті ауыл тұрғыны екені анықталып, ол ұсталды. Жергілікті полиция бөлімшесіне жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.

Қылмыстық істің тергеу амалдары Алматы облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауына алынды. Дене жарақатын алған полиция офицеріне медициналық көмек көрсетілді және ол өз жұмысын жалғастыруда. «Көлік басқаруға рұқсаты жоқ кәмелетітк жасқа толмаған жасөспірім көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. «Мерседес-Бенс» автокөлігі тәркіленіп, арнайы автотұраққа орналастырылды», - деп толықтырды полиция қызметкерлері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды