МЕРЗІМІНЕН КЕШІКТІРІЛГЕН: ОБЛЫС ӘКІМІ ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Уақыты: 01.11.2019
Оқылды: 1033
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ қатысуымен мемлекеттік қызмет саласына арналған жиын өтті.

Онда ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев баяндама оқып, аймақта орындалған жұмыстың тоғыз айлық қорытындысымен таныстырды.

– Біздің департамент ҚР Президенті Әкімшілігі жүргізетін мемлекеттік органдардың қызметін бағалауға қатысады. Қызмет көрсетудің тиімділігін бағалау жүйесі мен қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмыстар іске асты. Жыл басынан бері 6 жарым миллионға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Бүгінге дейін белгіленген мерзімінен кешіктірілген 35 мемлекеттік қызмет тіркелді. Заң аясында олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай кемшіліктер Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында, Талдықорған қаласында және облыстық білім басқармасында көп, – деді.

Басқосуда Серікбай Өрікбайұлы «Зор Рух» қайырымдылық қорының мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау бойынша жүргізген қоғамдық мониторинг қорытындысын да назарға ұсынды. Мемлекеттік органдардың заңды және жеке тұлғалармен бірлескен жұмысы мен мемлекеттік органның қоғамдық дамуы бойынша Алматы облысы республика көлемінде төмен көрсеткішке ие. Оның себебі атқарылған жұмыс қорытындысы мерзімінен кешіктіріліп берілуде. Облыс әкімі Амандық Баталов аталған кемшіліктерді жыл аяғына дейін ретке келтіріп, аты аталған аудан, қала әкімдіктеріне және басқармаларға қатаң ескерту жасады.

Жиын барысында заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау реті, басқармалардың және әкімдіктердің азаматтарды жеке қабылдау мәселелері де қаралды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ