"7 АДАМ КӨЗ ЖҰМҒАН": ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫНА ӨРТТЕН САҚТАНУ ШАРАЛАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Уақыты: 05.11.2019
Оқылды: 1190
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Әкімдіктің мәжіліс залында облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мен төтенше жағдайлар департаментінің бірлескен жиыны өтті.

Жиынды облыстық МКҚБ ММ бастығының орынбасары, полиция майоры Дидар Әубәкіров жүргізіп отырды. Жиында күзет қызметкерлері төтенше жағдай, яғни, өрт шыққан кезде қандай шараларды қолға алу керектігі қаралды. Осы мақсатта бірінші сөз облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Абылай Найзабековке берілді.

Абылай Әбікенұлы жыл басынан бергі төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтерімен бөлісті. 2019 жылдың басынан бүгінге дейін мұнда 898 жағдай тіркелсе, оның 112-сі өртке қатысты болған. Барлығы 14 млн. 260 мың теңге шығын келтірілген. Сонымен қатар, 52 әкімшілік хаттама толтырылған. Тілсіз жаудан 1 адам жарақат алса, улы газдан 7 адам көз жұмған. Осындай деректерді келтірген департамент маманы өрттің алдын алу шараларына кеңінен тоқталды.

Күзет қызметкерлері ғимараттарды күзету кезінде тілсіз жауға тап болса, ең бірінші төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, одан кейін адамдарды қауіпсіз жерге көшіріп, электр жүйесін ағытуы керектігі айтылды. Сонымен қатар, өрт сөндіргіш құралдарын қалай қолданылатыны көрсетілді. Одан кейін өрт сөндіргіш құралының мерзімі өтіп кетпеуіне көз жүгірту және оны қалай анықтау керектігі де баяндалды.

Төтенше жағдай кезінде алғашқы қауіпсіздік шараларын қалай жасау керектігі жайлы толықтай атап көрсеткен департамент өкілі күзет қызметі басқармасының сұрақтарына жауап беріп, өзара ой бөлісті.

Жиын соңында полиция майоры Дидар Әубәкіров күзет қызметкерлеріне және төтенше жағдайлар департаменті маманының айтқандарын сауатты орындауды тапсырды. Сөз соңында  бас маман Абылай Найзабековке алғысын білдіріп, жиынды аяқтады.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды