МАЛ ҰРЛЫҒЫ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА 16 ҚЫЛМЫСТЫҢ БЕТІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 14.11.2019
Оқылды: 1066
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының тәртіп сақшылары мал және ет өнімдерін тасымалдауға, оларды саудалауға қажетті құжаттарды қатаң тексеруге алуды бастады. Арнайы іс-шара үш күнге жалғасады.

Іс-шараның басты мақсаты - мал ұрлығының алдын алу, бұған дейін орын алған ұрлықтарды ашу. Осы мақсатта облыстық және республикалық жолдар бойында арнайы блок-посттар қойылып, көліктердің мал тасымалдауға қажетті құжаттары тексерілуде.

«Бір күн ішінде мал және ет өнімдерін тасымалдаушы 80-ге жуық көлік тексеріліп, 17 жүргізушінің тиісті құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, 25 мал сату орны мен 30-дан астам ет дүкені тексерілді», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Арнайы шара барысында бұған дейін болған 16 қылмыстың беті ашылды. Оның 4 дерегі бұрынғы жылдар санатына жатады. Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген 3 қылмыстық топтың мүшесі құрықталды.

«Алматы облысының тәртіп сақшылары 10 ай ішінде қажетті құжаттары жоқ болса да, мал тасымалдаудың 656 дерегін анықтаған. Жүргізушілерге 8 миллион 92 мың теңгенің айыппұлы салынды. Биылғы рейд кезінде Еңбекшіқазақ ауданында мал ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топ ұсталып, барымташылардан 40 жылқы тәркіленді»,- деп толықтырды облыстық полицейлер.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды