"ӨМІР БОЙЫ КӨЛІК ЖҮРГІЗБЕЙДІ": РУЛЬДЕ ОТЫРҒАНДАРҒА ЗАҢ КҮШЕЙЕДІ

Уақыты: 21.11.2019
Оқылды: 997
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов көлікті мас күйінде басқарып, адамды мерт қылғандарды 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылғанын айтты. Бұл жайында "24 хабар" "Қазақпаратқа" сілтеме жасап хабарлады.

«Мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынып отырмыз. Қазір мас болсын, сау болсын адамды машинамен қағып өлтіріп алса, жаза бірдей, ары кетсе, бес жыл. Енді мас күйінде жасалған осындай қылмыс он жылға бас бостандығынан айырып, өмір бойы көлік құралдарынан басқару құқығынан айырады», - деді М.Ахметжанов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне мас күйінде көлік айдағаны үшін 30 тәулікке дейін әкімшілік қамау мерзімі ұзартылып, жүргізу құқығынан айыру мерзімі сегіз жылға ұлғаяды. Айта кетейік, бүгін жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылап, бірінші оқылымда мақұлдады.

Осы орайда ұрлыққа қатысты әрекеттер ауыр қылмыстар санатына көшетіні мәлім болды. Сонымен қатар, инспекторды және қорықшының өміріне қауіп төндіріп, күш қолданғаны үшін жауапкершілік енгізу қарастырылған. Осындай қылмыстарға жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"