ДӘМХАНАҒА АТПЕН КІРІП КЕТТІ: ТЕКЕЛІДЕГІ ҚЫЗЫҚ ЖАҒДАЙ

Уақыты: 22.11.2019
Оқылды: 1004
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Текелі қаласында бір бұзақы дәмханаға атпен кіріп кетті. Қалалық полиция қоғамдық тәртіпті бұзушыны анықтады. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, тәртіп бұзған адам бес күн қамауда болады.

Оқиға былай басталған: кешке салт атқа мінген жігіт қаладағы кафенің біріне кіріп кетеді. Бұзақылық туралы бейнематериал "Instagram" желісіндегі @police_almobl парақшасынан жолданған.

– Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерде жарияланған бейнені мұқият зерттеді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында бұзақылық іске қатысты күдікті анықталды. Ол Текелі қаласының 32 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам ұсталып, полицияға тапсырылды. Ал оқиға бойынша жинақталған материалдар сотқа жолданды, – деді Алматы облысы бойынша полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Күдіктіге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы (ұсақ бұзақылық) бойынша жауапкершілік жүктелді. Талдықорған әкімшілік сотының шешімі бойынша ат мінген тұрғын бес күнге қамалады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Текелі қаласы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды