ТАЛДЫҚОРҒАН: "ЖАС САРБАЗ" ҚАТАРЫ ОҚУШЫЛАРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 28.11.2019
Оқылды: 1071
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайында әскер қатарына шақырылғандарды шығарып салу рәсіміне арналған республикалық «Ел тірегі» атты әскери-патриоттық акциясы өтті.

Шара Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің имиджін арттыру, жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу және сарбаздардың әскери борышын өтеуде жауапкершілікпен қарауға баулу мақсатында ұйымдастырылды. Облыс бойынша 20 жас  Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.

Алғашқы болып сөз алған ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов Тұңғыш Президентіміздің мемлекет дамуына, ел тыныштығын сақтауға қосқан үлесін жас сарбаздарға үлгі ретінде айтты. Сонымен қатар, еліміздегі армияның жаңа техникамен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.

– Отанымыздың тәуелсіздігін, тыныштығын, шегарасының бүтіндігін қорғайтын жауынгер болу әркім үшін зор құрмет. Кез келген мемлекет үшін ең басты құндылық – бейбітшілік. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деген генерал-майор жас сарбаздарға сәттілік тіледі.

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жас ұрпақты патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс екендігін айта келе, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысын құруды тапсырған еді. Осы орайда шара барысында Еркін ауылдық округіндегі Е.Берліқожаұлы атындағы №11 орта мектептің 23 өрені аталмыш қозғалыстың қатарына қосылу үшін салтанатты түрде ант берді.

Аталмыш іс-шара соңы өзінің ерлігімен көзге түскен әскерилерді марапаттау мен  мерекелік концертке ұласты. 

Аймарал ОМАР

Алматы облысы