"ҚАТАЛ ӨМІР МЕКТЕБІ": 34 ЖЫЛ ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН АРДАГЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 28.11.2019
Оқылды: 879
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары Қарулы Күштердің ардагері, отставкадағы полковник Дмитрий Куликпен кездесті. Кездесу барысында отставкадағы полковник әскери өмір, әскердегі достық тақырыбында әңгіме өрбітіп, болашақ офицерлермен ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Отставкадағы полковник Дмитрий Кулик 3 жыл мерзімді әскери қызметін сәтті өткерген соң, Орынбор қаласындағы Зениттік-зымыранды жоғары әскери училищесіне оқуға түсті. Оқуын үздік аяқтаған соң, әскери жолын Германия мемлекетінде Кеңес әскерлерінің құрамында жалғастырды. Ғұмырының 34 жылын Отан қорғау саласына арнаған қарт ардагер бастан кешкендерінен сыр тартып, әскерде жүру қатал өмір мектебі екенін, түрлі сынақтарға төтеп бере алмау ер-азаматқа сын екенін жеткізді.

- Бұл кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз - аға ұрпақ пен жас буын арасында ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Беделі салмақты полковник 4, 5-курс курсанттарына жол сілтеп, ағалық ақылымен бөлісті, әскери өмірге дайындады. Мұндай мән-мағыналы, патриоттық рух беретін кездесулердің маңызы зор, берері мол, - деп атап өтті батальон командирінің тәрбие істері жөніндегі орынбасары, подполковник Сәбит Айдарбек.

Кездесу соңында курсанттар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, көңілдеріне қонымды жауап алды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы