БІРЕУІ ЭКС-ҚЫЛМЫСКЕР: АЛМАТЫДА МАЛ ҰРЛАҒАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 28.11.2019
Оқылды: 1042
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полицейлері ұрланған сиырлардың етін сатқан қылмыстық топ мүшелерін құрықтады. Қылмысты ашуға бағытталған шара барысында жедел-іздестіру тобы күдіктілерді анықтап, ұстады.

19 қараша күні Жамбыл аудандық полиция бөліміне Жайсаң ауылының 48 жастағы тұрғыны қорасындағы жақында бұзаулайтын екі сиырының түнде ұрланғаны туралы хабарлаған. Бірнеше сағат ішінде аудандық жедел уәкілдер алматылық базарлардың бірінде ұрланған сиыр етін сатқан 4 күдіктіні қолға түсірді.

«Топ мүшелерінің барлығы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары болып шықты. Олардың бірі - Балтабай ауылының бұған дейін кісі тонау және ұрлық, оның ішінде, мал ұрлығы үшін бірнеше рет сотталған 27 жастағы тұрғыны. Тергеу барысында күдіктілердің малды сойған жерінен жетілген екі бұзаудың өлігі мен сиырлардың басы, терісі және ішек-қарындары табылды. Аталған айғақзаттар тергеу материалдарына тіркелді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыста мал және ет өнімдерін саудалауға тексеру жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұсталған азаматтардың тағы да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Күдіктілер қамаққа алынып, дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Жыл басынан бері облыста мал ұрлығына қатысы бар 60-тан астам барымташылар тобы құрықталып, олардың 140-қа жуығының мал ұрлығын жасағаны дәлелденді. Полиция қызметкерлері зардап шеккен ауыл тұрғындарының малын іздестіріп, 700-ден астам малды заңды иелеріне қайтарған.

2019 жылы ветеринарлық қызметпен бірлескен өзара іс-қимыл барысында мал тасымалдау тәртібін бұзудың 656 дерегі анықталып, 277 материал тіркелген. Заң талабын бұзушыларға 8 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды