Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"АРЫ ТАЗА АЗАМАТТАР КІРЕДІ": АҚПАРАТТЫҚ ҮГІТ-НАСИХАТ ШТАБЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА

Уақыты: 29.11.2019
Оқылды: 232
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жуырда Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан Республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылған болатын.

Ақпараттық үгіт-насихат штабының негізгі мақсаты - халық пен мемлекет арасында диалог құру, сондай-ақ, өскелең ұрпақ, халық және мемлекеттік органдар арасында парасат мәдениетін қалыптастыру бойынша кең түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Осы Республикалық ақпараттық үгіт-насихат штабының жетекшісі, қоғам қайраткері, этнодизайнер Ырза Тұрсынзада, штаб мүшесі, ҚР қоғам қайраткері, режиссер, жазушы Ермек Тұрсынов, саясаттанушы, жазушы, айтыскер Арман Бердалин жер жаннаты Жетісу жеріне екі күндік іссапармен атбасын тіреді.

Бірінші күні штаб мүшелері түрлі тәсілдерді қолдана отырып, ақпараттық-насихаттау жұмыстарын білім беру мекемелерінің басшыларымен, Алматы облысы полиция департаментінің жеке құрамымен, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен, Көксу ауданының активімен және Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жеке құрамымен өткізді. Әрбір қатысушы ерекше әсер алып, спикерлерге алғысын білдірді.

Өз кезегінде Ырза Тұрсынзада «Үйдегі сөз түзелмей, түздегі іс оңалмайды. Сондықтан, әрбір ата-ана балаларына үлгі болатындай сөз сөйлеп, олардың бойына әділдік, парасаттылық қасиеттерін тәрбие арқылы сіңіруі тиіс», - деп атап өтті.

Екінші күннің жоспары да өте ауқымды болмақ. Атап айтқанда, үгіт-насихат жұмыстары мен облыстық арнайы мониторингтік топ мүшелерін және қоғам белсенділерін, Алматы облысының активін, бірнеше ауылдық окург тұрғындарын қамтып, Қаратал ауданына атбасын бұрукөзделуде.

«Қазақстанда ең ашық, қолжетімді мемлекеттік органдардың бірі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның аумақтық департаменттері десем қателеспеймін. Бұл Тұңғыш Президентіміздің, Мемлекет басшысының және агенттік төрағасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіп жатқан саясатының нәтижесі. Республикалық үгіт-насихат штабы облысымызға келіп, ауқымды шаралар өткізуіне қолдау көрсету біз үшін үлкен құрмет. Айта кету керек, Алматы облыстық штабы да құрылды. Жұмысын жандандырып, облысымыздың әр аудан, қалаларын, тіпті, шалғай елді мекендерін қамтитын боламыз», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Данияр Тұрғанбаев.

Қазіргі уақытта ақпараттық-насихаттау штабы еліміздің барлық облыстарында құрылып, жұмыс істей бастады. Алматы облысының "Jetisu media" алаңында брифинг өткізу кезінде белгілі болғанындай, штаб құрамына ары таза, әділ әрі белсенді азаматтар кіре алады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін ағартушылық штабының құрылуы өте орынды. Өйткені, ары таза, шыншыл қоғам белсенділері құзырлы органдармен бірлесіп, айықпас дерттің алдын алуы жоғары нәтиже беретіні анық.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды