"КӨМЕКТЕСТІ": ТҰРҒЫНДАР ПОЛИЦИЯ ПОЛКОВНИГІНЕ АЛҒЫС ЖАУДЫРДЫ

Уақыты: 03.12.2019
Оқылды: 1244
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полиция департаменті басшылығына Талдықорған тұрғындарынан зор алғыстарын айтып, жұмысына табыс тілеген хат келіп түсті. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Біз – Ақсу көшесінің тұрғындары, Отан соғысының ардагерлері, Чернобыль АЭС мүгедектері, зейнеткерлер мен көпбалалы отбасы мүшелері облыстық әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Дәулет Молдахановқа және өз жұмысына тыңғылықты, кез-келген сәтте қол ұшын созуға даяр учаскелік полиция инспекторы Нұржан Жайламысовқа ризашылығымызды білдіреміз», - деп басталған 40 шақты тұрғын қол қойған хат мәтіні.

Көшелердің мәселесін айтқан тұрғындар өтінішін жеке бақылауына алған полковник жылдар бойы шешілмеген проблеманы небәрі 10 күн ішінде шешуге ықпал еткен. Талдықорғандағы Ақсу көшесінің ені - 2,5 метрді құрайды. Полиция қызметкері көліктер жүйткитін осы тар көшенің бойына тиісті жол белгілерді қойғызып, қозғалысты реттеуге көмектескен.

«Біздің көшеде егде жастағы адамдар мен кішкентай балалар өте көп. Жылдам жүретін көліктер өмірімізге қауіп төндіретін. Енді көшемізде жүру немесе ойнау қауіпсіз болды. Д.Молдаханов пен Н.Жайламысов сынды қызметкерлер үшін полиция басшылығына алғыс айтамыз», - деп толықтырды қала тұрғындары.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"