"ТЫС ҚАЛДЫРҒАН ЕМЕСПІЗ": ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАСТАР ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 958
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

9 желтоқсан - Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай Жастарға қызмет көрсету орталығында «Әділдік. Парасаттылық. Сенім» атты республикалық форум өтті. Атаулы күн аясында орталықта «Жетісу – адалдық алаңының жастары» жобалық кеңсесі салтанатты түрде ашылды.

Форум жұмысына облыс әкімнің орынбасары Батыржан Байжұманов, республиканың әр облысы мен қалаларынан мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйымдары мен Жастар ісі жөніндегі комитет мүшелері, облыстық «Жалын» жасағының құрамы қатысты. Жиында сөз алған  ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Данияр Тұрғанбаев:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында», - деген болатын. Біз әрбір кездесу, семинарларда жастар мәселесін назардан тыс қалдырған емеспіз. Себебі, елімізде білімді жастар көбейгенде жемқорлықтың саны жойылып, дамыған отыз елдің қатарына қосыламыз. Бүгінгі форумның тақырыбының өзі үлкен мағына беріп тұр. Бұл форум аймақта алғаш рет өткізілуде, келешекте де өз жалғасын табатынан сенім мол, – деп жаһандық мәселеге айналған жемқорлықтың ел келешегіне алып келер зардабын мысалға келтірді.

Форумға арнайы келген жазушы Жан Ақжанов, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Аманжол Жазықбаев ойларын орта салып, жастардың бүгінгі болмысы жайлы сөз қозғады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен барлық халық болып күресуге, әсіресе, Жетісу жастарының қосар үлесі зор екендігін айтты.

Әрмен қарай Батыржан Құлаймергенұлы бастаған қонақтар «Жетісу – адалдық алаңының жастары» жобалық кеңсесінің лентасын кесіп, салтанатты түрде ашты. Жиналғандар жаңадан ашылған жобалық кеңсенің жетекшісі Рахым Тұрлановқа сәттілік тіледі.

- Бұл кеңсе қазіргі жастардың күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесетін мәселелеріне мән беріп, мемлекеттік бағдарламалар мен жастар саясатын дұрыс жүзеге асырылуын қадағалайды. Соның ішінде, студенттердің жатақханаға орналасуына, оқуына назар аударамыз. Келешекте көптеген жұмыс атқарамыз деген ниеттеміз, – деді Рахым Жоламанұлы.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма, жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған форумда секциялық жұмыстар жүрді. Күні бойы қатысушыларға арнайы мамандар дәріс оқып, сыбайлас жемқорлықтан арылудың жолын ұғындырды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы