"АМАН-ЕСЕН": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТКЕН БАЛА ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 18.12.2019
Оқылды: 787
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Талдықорған қаласының тұрғыны өзінің мұқияттылығы мен кездейсоқ жайттарға бей-жай қарамайтындығының арқасында полицияға іздеу жарияланған баланы аман-есен табуға көмектесті.

Қаратал ауданының полициясына Үштөбе қаласының тұрғыны хабарласып, жергілікті мектептердің бірінде 8-сынып оқитын ұлының түсте белгісіз бағытта шығып, үйіне оралмағанын айтқан. Аудандық және облыстық тәртіп сақшылары жасөспірімнің мекенжайын анықтауға бағытталған кеңауқымды жедел шараларды қабылдаған.

- Іздеу жарияланған жасөспірімді көпқабатты үйдің подъезінен көрген жергілікті тұрғын әлеуметтік желіде көрсетілген нөмірге және полицияға хабарлаған. Бала аман-есен табылып, ата-анасына тапсырылды. Жасөспірімді іздеп табуға және оның ата-анасы келгенше балаға қолдау көрсеткен қала тұрғынына полиция тарапынан алғысымызды білдіреміз, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

14 жастағы баланың үйінен кетіп қалуына отбасы мүшелерінің арасындағы түсініспеушілік себеп болған. Сабақ үлгерімі жақсы жасөспірім бұған дейін мұндай оғаш қылық көрсетпеген. Тәртіп сақшылары баланың ата-анасымен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Облыстық полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, тәртіп сақшылары 2019 жылы белгісіз бағытта кетіп, іздеу жарияланған жасөспірімдердің 139-ын тауып, жақындарына аман-есен табыстаған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды