ЖАМБЫЛ АУДАНЫ: БІРНЕШЕ ҮЙДІ ТОНАҒАН ҰРЫЛАР ҰСТАЛДЫ

Уақыты: 23.12.2019
Оқылды: 657
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының Жамбыл ауданында жүргізілген арнайы шара барысында 4 адамнан құралған қылмыстық топ қолға түсті. Олардың Қарғалы, Ұзынағаш және Қайназар елді мекендеріндегі үйлерден ақша, бағалы заттарды, зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық техникаларды ұрлағаны белгілі болды. Бұл туралы Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Полицейлер таратқан ақпаратқа сәйкес, "Субару" көлігіне мінген қылмыстық топ өкілдерінің соңғы екі ай ішінде 16 ұрлық дерегіне қатысы бары дәлелденді. Оларды ұстау кезінде қолды болған зергерлік бұйымдар мен ұялы телефондар секілді бірнеше зат табылып, іс материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

«Ұсталған күдіктілердің ең үлкені 1988 жылғы болса, кішісі кәмілеттік жасқа биыл толған. Олар бұған дейін сотталмағаны анықталды. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Зардап шегушілерге келтірілген материалдық шығын есептелуде», - деп толықтырды облыстық полицияның ресми өкілі Серік Үпиев.

Күдіктілер аудандық соттың шешімімен қамаққа алынды. Тергеу барысында тәртіп сақшылары олардың бұдан өзге де қылмыстарға қатысы барын анықтайтын болады. Топ мүшелеріне тиесілі автокөлік тиісті автотұраққа қойылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды