"ӘКЕСІ АРЫЗДАНҒАН": ІЗ-ТҮССІЗ ЖОҒАЛҒАН ҚЫЗ АЛМАТЫДАН ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 26.12.2019
Оқылды: 1159
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еңбекшіқазақ ауданының тәртіп сақшылары үйінен белгісіз бағытта шығып кетіп, із-түссіз жоғалған 16 жастағы қызды Алматы қаласынан тапты. Іздеу жарияланған қыз аман-есен ата-анасына табысталды.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында Есік экономикалық-педагогикалық колледжінде білім алатын қыздың жоғалғаны және оны іздестіруге аудандық және облыстық із кесушілер жұмылдырылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Осы ақпаратқа байланысты тәртіп сақшылары қыздың туыстарымен бірлесіп, іздеу салды. Нәтижесінде, жоғалған қыз Алматы қаласынан аман-есен табылды.

Алдын ала тергеу барысында оның отбасылық жанжал кезінде үйінен кетіп қалғаны анықталды. Тәртіп сақшылары кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді арнайы есепке қойды.

- Аудандық полицияға қызының белгісіз бағытта кеткені туралы әкесі арызданған. Жасөспірімнің мекенжайын анықтауға тәжірибелі мамандар жұмылдырылып, 4 күн ішінде таптық. Биыл Еңбекшіқазақ ауданында іздеу жарияланған 30 адам табылды. Оның ішінде, 3 кәмелетке толмаған бала бар. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары бұған дейінгі жылдары жоғалған 7 тұлғаның мекенжайын анықтады, - деді Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды