94 ЖАСТА: КУРСАНТТАР СОҒЫС АРДАГЕРІН ЖАҢА ЖЫЛМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Уақыты: 03.01.2020
Оқылды: 864
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Бұл туралы аталмыш институттың баспасөз қызметі хабарлады.

Мерекелік сый-сыяпатты қабыл алған соғыс ардагері Жарқожа Наурызбайұлы көрсеткен ерекше ықыластары үшін жастарға ризашылығын білдіріп, алғыс жаудырды. 94 жастағы қария соғыс кезінде бастан кешкендерінен сыр шертіп, болашақ офицерлерге ақыл-кеңестерімен бөлісті. Отан қорғау жолында аянбай еңбек етіп, отансүйгіштіктің үздік үлгісін көрсетіп өмір сүруді аманат етті.

Соғыс оты шарпып тұрған 1942 жылы Асқарбаев Жарқожа 18 жаста еді. Шақырту қағазы келе салысымен оны алдымен Өзбекстандағы Ферғана қаласына, он күннен соң Сталинград түбіндегі майданға жіберген. Польша, Чехословакия, Францияны босату операцияларына қатысып, Германияға ту тіккендердің сапында болған.

Кейін Жапонияда болған соғыста ерлік көрсетіп, соғыстан «майор» шенінде оралған. Соғыста көрсеткен ерен ерлігі үшін орден-медальдармен марапатталған. Жарқожа атаның айтуынша, Жамбыл облысы Қордай ауданы Ворошил ауылынан 14 адам соғыс қатарына алынып, солардың төртеуі ғана еліне аман қайтқан.

Өз кезегінде болашақ офицерлер майдан даласында ерлік көрсеткен майдангерлердің өмірі батылдық пен қайсарлықтың үлгісі екенін жеткізді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Алматы қаласы