Тыныштық сақшысы

Уақыты: 16.01.2017
Оқылды: 1666
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық бағытта және рухани-мәдени сала бойынша өсіп-өркендеуіне барлық мамандық иелерінің қосар үлесі қомақты. Солардың арасында айтулы мерекелерге қарамастан күн-түн демей тынымсыз еңбек атқаратын полиция қызметкерлері де бар. Қоғамның тыныштығын, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәртіп сақшыларының өмірі қауіпке толы, қатерге күнделікті кездесіп жүреді. Содан кейін де облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Жәлелұлы Ұрұмханов ұдайы өңірлік полиция қызметкерлерінің жағдайын жақсартуды ойлап, тапсырылған міндеттің ауырлығын атап көрсетіп жүреді. Осындай алаңдаулы көңіл мен тынымсыз мінез оған кезінде өнегелі ғұмыр кешкен атасы мен әкесінен жұққаны анық.

Алысқа жетелеген арман
1981 жылы Сарқан ауданының Шатырбай ауылындағы орта мектепті бітірген кейіпкеріміз әскерге аттанып, азаматтық борышын адал атқарып қайтады. Оның алдында 9-сыныпта оқып жүргенде бір құрдасы милиция қызметкерлерін дайындайтын училищеге құжат тапсырады. Алайда жолы болмады. Досының бұл қадамы мұның жүрегіне мәңгілік із қалдырған еді. 
КСРО атанған алып мемлекетте тәртіп сақшыларына деген көзқарас пен ұстаным бөлек болатын. Қырағы көзді милиционер – Степа ағай туралы көптеген өлеңдер мен жағымды пікір қалыптасқан-ды. Бір сөзбен айтқанда алғыр жасты милиция қызметіне деген құштарлық еліте түскен. Сөйтіп, Қарағанды қаласындағы КСРО ІІМ-нің жоғары милиция мектебіне құжат тапсырады. Өмір жолын жаңа бастаған бозбаланың бойында ішкі істер органдарында еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетуге деген құлшыныс бар еді.
Кішкентайынан нағашы апасының қолында өскен Мұрат Жәлелұлы өз әкесінің 1972 жылы, туған анасының 1978 жылы қайтыс болғанын кейін білді. Онда да мектеп бітірерде өмірге жолдама ретінде берілген паспорттағы басқа есімді оқығанда сұраулы жүзбен кәрі әжесіне қараған. Қаршадайынан қолына алған немересіне бар шындықты жайып салып, қызы мен күйеу баласының басынан өткен оқиғаны әңгімелеп берген әже жүрегі қалай тебіренді екен десеңізші?! Өзімен бірге туған үш қарындасының барлығын естіп, туыстық сезімді бастан кешірген бозбала шыр етіп, дүниеге келгеннен бауырына салған нағашы әжесінің жанашырлығына өтеу ретінде туу туралы куәлігіндегі фамилияны ұмытып, ес білгеннен үйренген тегін паспортына жаздырады. Сөйтіп, кеңестік идеологияның құрбанына айналған нағашы атасы Ұрұмханның есімін жаңғыртуды өзіне борыш санады.
Қарағанды жоғары милиция мектебінде оқи жүріп партия қатарына қабылданған жас маман өмір жолын Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастайды. 1985 жылы басталған тергеушілік қызметті ел тәуелсіздігінің бастауындай болған 1990 жылға дейін мүлтіксіз атқарған Мұрат Жәлелұлының мінсіз қызметін бағалаған басшылық оны қалалық социалистік меншікті ұрлаумен күрес жөніндегі бөлімнің (ОБХСС – кейінгі сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі департамент. – М.А.) бастығы етіп тағайындады. Қызыл империяның шекпенінен шығып, азаттық алар күннің куәсіндей болған сәттерді бастан өткере жүріп, әрбір жағымды жаңалыққа елеңдей құлақ түрген кейіпкеріміз еңбегінің жемісін Текелі қалалық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары болып жіберілгенде көрді. Өйткені, ондағы екіжылдық қызмет алдағы өмірінде тек өрлеу болатынын көрсеткендей еді. Өз ісіне беріктік, тапсырылған міндетке адалдық, тергеу кезіндегі мұқияттылық оның қабілетін ұштап, кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. Одан соң облыстық социалистік меншікті ұрлаумен күрес жөніндегі басқарманың ерекше істер жөніндегі бөлімінің бастығы, ұйымдасқан қылмыспен күрес жөніндегі бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарған Мұрат Жәлелұлы Талдықорған мен Алматы облыстары қосылып, жұмыс орындары қысқартыла бастаған тұста қалалық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Бұдан кейін тағдырдың жазуымен Алакөл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып қызмет етті. Бұл жылдар тоқсаныншы жылдардың тоқырауымен тұспа-тұс келіп, қоғамда нешетүрлі қылмыстың өршіген кезең еді. Сонда бір отбасының түгелдей қаза тапқан оқиғасы есінде ұмытылмастай қалыпты. Алакөл ауданында орын алған қанды оқиғаға себеп небәрі 200 теңге болатын.

Адам өлтірткен 
екі жүз теңге
1999 жыл. Жұмыссыздық пен қымбатшылық қос бүйірден қысып, облыс тұрғындарының күн көрудің қамымен қиналып кеткен кезі. Әркім оңтайы келген іске жалдануға дайын. Ауылдардағы жұмыссыз қалған жұрт қалаға ағылып, нәпақасын айыруға кіріскен. Қабанбай ауылында тұратын бір әйел күйеуін Үшаралға жұмсайды.
– Міне, соңғы 200 теңге. Осымен Үшаралдағы туыстардың үйінде жатып жұмыс істеп кел! Әйтпесе үйде жейтін ештеңе қалмады, – деген әйел байғұс балаларын ойлаған болуы керек. Жұмыссыздықтан әбден қажыған жаңағы азамат жолшыбай кездескен көлікпен аудан орталығына жетіп, алыс туыстарының үйін сағалайды. Бір қыз, бір ұл – екі баласы бар ерлі-зайыптылар жағдайдың ауыр екендігін түсіндіріп, қолдарынан ешқандай көмек келмейтінін айтады. Сол үйде бір-екі күн қонақтаған әлгі азамат бір күні таңертеңгісін қалтасындағы 200 теңгенің 80 теңгесіне спирт сатып алады. Үйде ешкім жоқ. Бала-шаға төргі үйде теледидар қарап отыр. Бұл спиртті суға араластырып ішеді. Тіршіліктің тауқыметін, күн көрудің ауырлығын ойлап, ішімдікті бітірген кезде көзіне бұрыштағы сейф түседі. Бұзып ашып, ішіндегі мылтықты көргенде: «Ақыры жұмыс жоқ, осы мылтықты ауылға әкетейін. Балаларымды аң атып болса да бағармын», – деген ой келеді басына. Алайда сол сәтте іштен шыққан ұл бала: «Мылтық әкемдікі! Қойып қой орнына!», – деп қолына жармасады. Кішкентаймен алыса кеткен мас ақыры баланы атып тастайды. Одан соң шуға шыққан қызды да өлтіреді. Әйелді кезекшіліктен оралғанда, күйеуін түскі асқа үйге қайтқанда атып тастайды. Осыншама қатыгездікті айналдырған 2-3 сағаттың ішінде жасаған қылмыскер қалтасындағы қалған 120 теңгеге арақ сатып алады. Оны сол көшенің бойындағы туыстарының әке-шешесінің үйіне апарады. Бұлғақтап, арақ көтеріп келген алыс туысын көрген кәрі кемпір мен мүгедек шал ойларында еш жамандық жоқ: «Балам, үйіңе қайтсаңшы», – дегенді айтқаны үшін жазалы болып, бірінен соң бірі көз жұмады. Одан соң әлгі екі үйді мотоциклден құйып алған бензинмен өртеп кетеді. «Ащы судың» итеруімен аса ауыр қылмыс жасаған қанішер есін бір жиғанда ауылына қайтады. Жолай кездескен таксиге отырып, Қабанбай ауылына жетеді. 
Ақша сұраған жүргізушінің басына мылтық тақаған қылмыскер оқиға орнында қолға түсті. Онда да ұңғысын кесіп тастаған шолақ мылтықты жүргізуші жоғары көтеріп үлгереді. Құдай оңдағанда оқ адамға тимей көліктің төбесін ойып түсіреді. Тар кабинада арпалысқан екеуді жақын маңдағы көпшілік ажыратып, тосын оқиғаның себебі анықталады. Сөйтіп, бір әулетті қырып тастаған Кривохижиннің бұрын қылмысты болмағандығы анықталды. Тергеу кезінде қылмыскер өзінің өкінетінін, қылмысты қалай жасағанын түгелдей айтып берді, бірақ бәрі де кеш еді. Ақыры сот оны ату жазасына кескеніне куә болды.
Сол оқиға күні кеше ғана болған секілді. Арада 20 жылға жуық уақыт өтсе де кейде есіне түседі. Ондайда: «Ақша деген адамды тауға да шығарады, батпаққа да батырады екен-ау...» – деп ойлайды. Қалай болғанда да ішкі істер бөлімінің бастығы ретінде Мұрат Жәлелұлы бойына даналық, көрегенділік, ой қорыту сынды қасиеттерді өмір жолынан алды. 
2001 жылдың сәуір айында облыстық ІІД-не қарасты тергеу басқармасының бастығы болып тағайындалған кейіпкеріміз көп ұзамай облыстық ішкі істер департаменті бастығының тергеу жөніндегі орынбасары болды. 2007 жылы Алматы қалалық ІІД бастығының орынбасарлығына шақырылды. Арада өткен үш жылдан соң Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД-нің бастығы болып тағайындалды. Тағы да үш жылдан соң, 2013 жылдың қараша айында өзінің туған жері Алматы облысына оралды. Содан бері Жетісу жерінің тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салған тәртіп сақшыларының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келеді.

Мәдениет керек бәріне
Мұрат Ұрұмханов сапарлап барған шет мемлекеттердің іс-тәжірибесімен таныса жүруді жөн санайды. Озық тәсілдер мен үздік үлгілер арқылы қоғамның мәдениетін, халықтың сана-сезімін жетілдіруге болады деп санайды. Дегенмен, қоғамдық тәртіпті сақтаудың орнына еліміздің кейбір тұрғындарының қоршаған орта – табиғатты ластауға дайын тұратынына ренжиді. Сондай  өрескелдіктің алдын алу үшін Солтүстік Қазақстан облысында жүріп, «Көршілер бақылауы» атты бағдарламаны жүзеге асырған-ды. Бұл ең алдымен көшедегі бұзақылықты, маскүнемдікті ауыздықтауға негізделген. 
Қазіргі күні есіктес көршісін танымайтын, бір-біріне жаны ашымайтын адамдар пайда болды. Бұл қазақы ұлттық құндылық – туыстық, ағайындық, ауылдастық, жерлестік секілді ұғымдардың ұмытыла бастағанын білдіреді. Соған сай қазақтың «жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» деген мәтелі өзекті болып тұр. Ертеректе мал ұрлығын тыю, көшені ластамау, ауланы таза ұстау, ұсақ бұзақылықтың алдын алу, жетім мен жесірге көмектесу секілді мәселелерді бүкіл ауыл  тұрғындары бірлесе шешетін. Сол арқылы өскелең ұрпаққа тәрбие беретін. Бүгінгі күні сондай асыл құндылықтар аяқасты болып, даңғазаға, жарнамаға толы өмір адамдарды қатыгездікке, жауыздыққа үйретіп жатқандай көрінеді. Бір ғана табиғат аясында демалуға барған тұрғындар сол маңды ластап, өзен жағасына пластик дорбалар мен шөлмектер қалдырып жатады. Оны кейбіреулер: «Қадағалауға тиіс полиция қайда қарап отыр?!» – деп лепіртіп, отқа май құяды. Ақыр аяғында: «Кім кінәлі? Полиция кінәлі!» болып шығады. Рас, кейбір жерлерде кемшіліктер бар да шығар... Бірақ соған бола тәртіп сақшыларының жұмысын түбегейлі жоққа шығаруға болмайтынын түсінетін уақыт жетті. Ең алдымен тұрғындардың өзі келер ұрпақ алдындағы жауапкершілікті ұғынып, қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуы керек. Осыған орай облыста «Көршілер бақылауы – тәртіпсіздікке мүлде төзбеушілік» атты бағдарлама іске қосылып, тиімді жұмыс істеп жатыр. Қоғамдағы мәдениетсіздіктің кесірі тұрғындарға тиіп жатқаны жасырын емес. Мысалы, жол талғамайтын алпауыт көлікті балалардың ойнайтын алаңына тақап қою, қоқысты жәшікке емес, есіктен шыға бере тастау, үйдегі қоқсықты терезеден лақтыра салу секілді тәртіпсіздік белең алып тұр. Ондай бассыздықты тұрғындар ұйымдаса, ұжымдаса тежемесе, өздігінен тоқтамайтынын уақыт көрсетті. Себебі, жаман әдеттің тез жұғатынын байқап жүрміз. Оның қатарына көпқабатты үйдің ауласына отыра қалып арақ ішу, темекі шегу, карта ойнау, былапыт сөз айтып, шекілдеуік қабығын шашып тастау сияқты жағымсыз әрекеттерді қосыңыз. Осының бәрін өскелең ұрпақ көрген сәтінде қайталайды. Содан келіп: «Тәртіпсіз ұрпақ қайдан шықты?» деп бас қатырамыз. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау әрбір тұрғынның мәдениетіне байланысты. Себебі, мәдениеттілікке, өркениеттілікке ұмтылу саналы жанға тән қадам. Әйтпесе, әлемде жамандық атаулы белең алып, жақсылық жерге қарайтын еді.
Жұмыс бабымен алыс және жақын мемлекеттерге көп сапарлаған Мұрат Жәлелұлы өзіміздің жетістіктерді өзгелермен салыстыра жүреді. Мысалы, АҚШ полициясына жақын баруға болмайды. Тіпті, олар оғаш қимылды байқаса ескертусіз атып тастай салады. Соған қарап, өзге елдердің тәртіп сақшыларына берілген мүмкіндіктер мен ерекшеліктердің басымдығын байқайды. Словения еліне барғанында әуежайдан қонақүйге дейін жеткізіп салған такси жүргізушісінен: «Қылмыстың көрсеткіші қандай?» – деп сұрапты. Әлгі жүргізуші білмейтін болып шығады. Соған қарап кейде: «Елімізде қылмыс саны азайса, ауыр қылмыстар мүлде болмаса екен» – деп армандайды. Себебі, қазіргі күні лаңкестік, терроризм деген ұғымдар пайда болды. Бұрынырақта көпшілік соның не екенін білмейтін. 2001 жылы АҚШ-қа террорға қарсы іс-қимыл бойынша білім жетілдіруге барғанда лаңкестік дегенді алғаш естіген тәлімгерлер өзара: «Бізде мұндай болмайтын шығар?!» – деп таңғалыпты. Ол жылдары рэкет, тапсырыспен кісі өлтіру сынды ауыр қылмыстар болғанымен лаңкестік атауын естімепті. Сонау 80-ші жылдары бопсалау оқиғаларының мүлде болмағаны секілді, заман өткен сайын қылмыстың түрінің де дамитынын байқады. Соған сай шұғыл қимылдайтын арнайы бөлімдер құрылып, «СОБР», «Арлан» отрядтары жұмысқа кірісті. Бұл ішкі істер органдарына деген сенімнің артқанын білдіреді. Себебі, полиция қызметкері немесе шұғыл отряд жауынгері болуды армандайтын жастар қатарының жыл өткен сайын артып отырғаны анық байқалады. Соған сай оларға қойылатын талаптар да күшейіп, сынақ мөлшері ұлғайды. Дегенмен, мереке күндері тыныштықты, қауіпсіздікті қадағалау жұмыстары күшейетіндіктен әрбір мейрам шетін оқиғасыз өтсе екен деген арман көкіректі тербейді. Өйткені, полиция қызметкерлері мерекеде демалуды ұмытып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін еңбектенеді.

Ата-бабаға тағзым
Жетісу жұртшылығы тәртіп сақшылар қатарының көбейіп, қоғамдағы қылмыстың түбегейлі азайғанын қалайды. Жайылымдағы малының ит-құстан, қорадағы қойының сасық ұрыдан амандығын тілейтін шаруақор жандар ауылдағы учаскелік полиция қызметкерінің де өз ісіне адал болып, қызметін шынайы беріліп атқарғанын жөн көреді. Сол себепті, ісі алға басқан ауылдардың жұртшылығы оларды өз балаларындай көріп, жұмыстарына жанашырлықпен қарайды. Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов әрбір ауылдық округке салынатын учаскелік полиция бекетіне қосымша қызметтік үйлер тұрғызылатынын мәлімдеген болатын. Бұл да Мұрат Жәлелұлының бастамасы. Алайда қарапайымдылығы басым басшы оны өзіне теліп айта бермейді. Бұл жоба толық жүзеге асқанда Алматы облысының барлық өңірінде полиция қызметкерлеріне арнап үйлер салынады. Өткен жылдың өзінде 7 үй пайдалануға беріліп, тәртіп сақшыларын қуанышқа бөледі. Енді биылғы жылдың жоспарына 70 учаскелік полиция бекетінің құрылысы кіргізіліп отыр. Құдай қаласа, алдағы күндері әрбір учаскелік полиция инспекторларын баспаналарымен құттықтайтын боламыз. Одан бөлек, алдағы уақытта облыстың барлық өңірлері бейнебақылау камераларымен жарақтандырылып, қоғамдық тәртіпті қадағалау күшейтіледі. Бұл өз кезегінде қылмыстың дер кезінде ашылуына септігін тигізері анық. Жалпы Талдықорған қаласында шұғыл бақылау орталығы іске қосылған 2008 жылдан бері 56 бейнекамера тұрақты жұмыс істеп келеді. Өткен жылы 200 бейнебақылау камерасы орнатылды. Алдағы жылы тағы 400 камера қойылмақшы. 2018 жылға қарай облыс орталығында тағы 200 бейнебақылау жүйесі іске қосылады. Бұл қоғамдағы құқықбұзушылық пен қылмысты тыюға көмектеседі. Өйткені, қылмыс жасаған немесе тәртіп бұзған адамның міндетті түрде көп камераның біріне түсіп қалатыны анық. Қазіргі күні облыстық ішкі істер департаментінде «Қауіпсіз қала» бағдарламасы дайындалу үстінде. Егер ол жүзеге асатын болса «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз көше» секілді желілері жұмыс істейді. Мұның бәрі халықтың тыныштығы, қоғамның қауіпсіздігі үшін.
Әңгімеміздің басында атаның қанымен берілген қасиет жайында айтқан едік. Аманбөктер ауылында ауылдық кеңестің төрағасы қызметін атқарған әкесінің арғы тегі Торғай өңірінен. Атасы Амангелді Иманов сарбаздарының сапында болыпты. Кейінгі қуғын-сүргін кезінде бала-шағасымен Қытай асып кетпек болады. Бірақ Сарқан ауданының Аманбөктер, Екіаша ауылдарына жетіп қоныстанып қалады. Нағашы атасы Ұрұмхан ауылдың балаларына әліпбиді танытқан үлкен молда болыпты. Ұлы Шармұхамбет екеуі репрессия кезінде қуғындалып, атылып кеткен. Өмірлік жол сілтеп, адамгершілік жолын үйреткен ата-бабаларының рухына тағзым ету мақсатында Мұрат Жәлелұлы нағашысы Ұрұмханның басына ескерткіш белгі орнатып, құран бағыштады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген осы болса керек.

ТҮЙІН: 
Адам қайтыс болған соң артынан жасаған жақсылықтарының ішінен сауабы барып тұратын амалдар болады екен. Оның бірі – жария садақа. Яғни, мешіт, мектеп, көпір секілді көпшілік пайдаланатын орындардың сауабы. Екіншісі, пайдалы ілім. Жазған кітап, үйреткен ілім, оқытқан сабақтың сауабы. Үшінші, салиқалы ұрпақ. Бақилық болған ата-бабаларының, апа-әжелерінің артынан Құран бағыштап, дұға тілейтін ұрпақтың сұраған тілеуінің сауабы марқұмдарға жетеді. Мұны дін ғалымдары айтады. Сондықтан Мұрат Жәлелұлының жасаған жақсылықтарының бәрі де сауапты амалдар болсын деген тілек айтқымыз келеді.

Мәди Алжанбай