АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ӨГЕЙ ҚЫЗЫН ЗОРЛАҒАН ЕР АДАМ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАДЫ

Уақыты: 06.01.2020
Оқылды: 1107
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында кәмелеттік жасқа толмаған өгей қызын зорлады деп айып тағылған ер адам өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болды.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 24 желтоқсан күні Алакөл ауданындағы мектептердің біріне ювенальды полиция қызметкерлері мен мектептің психолог маманы бірлесіп, сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, кәмелеттік жасқа толмаған қызды өгей әкесінің зорлағаны анықталды. Оқиғаға байланысты гинекологиялық зерттеу жүргізіліп, қыздың аяғы ауыр екендігі белгілі болды.

Баспасөз қызметі таратқан хабарламада: «Осы оқиғаға байланысты жергілікті ішкі істер органдарының қызметкерлері түсірілген шағымды өндіріске алып, қажетті шаралар қабылдады. Соған орай қылмыстық іс қозғалып отыр. Тергеу кезінде Алакөл ауданының тұрғыны, қыздың өгей әкесі өз үйінде асылып өлгені белгілі болды», – делінген.

Желтоқсанның 29 күні болған ауыр оқиғадан соң зардап шеккен қыздың анасын қайын енесі үйінен қуып шығып, үш немересін алып қалған. Алматы облысы әкімдігі өкілдерінің түсіндіруінше, 5 қаңтар күні қыздың анасы Алакөл аудандық қорғаншы және қамқоршы органға хабарласып, енесінен балаларын алуға көмек беруін сұрап, арыз жазған.

Жазылған арызға байланысты ведомствоның ресми өкілі А.Әбділдаев пен ювенальды полицияның қызметкері А.Мұсанов қажетті шара қабылдап, балаларды аналарына қайтарды және Талдықорған қаласында тұратын туған әпкесінің үйіне тұрақты тіркеуге орналастырады.

Осы іске байланысты тексеру кезінде зардап шегушінің жанында мектептің психолог маманы Д.Каримова болып, рухани және қажетті қолдау көрсетті. Тергеу кезінде аудандық білім бөлімі қызметкерлері тарапынан ешқандай қысым болмаған.

Алайда "Facebook" желісінде зардап шегуші қыздың анасымын деп таныстырған Asem Ur есімді аккаунт иесі көпшіліктен көмек сұрап, шағым айтып, пост жазған еді. Әлеуметтік желі арқылы тараған жазба: "Менің есімім Әсем Оразбаева. Мен Алматы облысы, Алакөл ауданы, Лепсі ауылында тұрамын", - деп басталады. Онда Қабанбай ауылы мен Үшарал қаласындағы полиция өкілдеріне екі мәрте арыз жазылғаны, бірақ олар бұл істі бүркемелеуге тырысқаны, ол аздай, Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры арыз жазбауға үгіттегені айтылған. Сондай-ақ, Asem Ur Алакөл ауданының әкіміне осы мәселемен кіргені туралы да жазған.

Аталған постқа байланысты "Жетісу" газетінің журналисі Asem Ur есімді "Facebook" қолданушысына хат жазып, телефон нөмірін сұрады. Бірақ аккаунт иесі: "Бізде сеть ұстамайды", - деп жауап беріп, телефон нөмірін беруден жалтарды. Бұл жауап жазылған посттың қаншалықты шындық екеніне күмән туғызды. Оның үстіне, Asem Ur есімді қолданушының жеке парақшасы жуырда ғана ашылғаны, тіркелушілер санының аздығы көңілге күдік ұялатты.

Айтса-айтқандай-ақ, көп уақыт өтпей, зардап шегуші қыздың анасы журналистерге мәлімдеме жасады. "Zakon.kz" сайтының жазуынша, қыздың анасын Алматы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары қабылдаған. Қыздың анасы бұл постағы әкімдікке қатысты сөздердің бәрі жалған екенін, атынан аккаунт ашып, әлдекімдердің әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған жазба таратқанын, осы бойынша құзырлы органға шағым түсіргенін айтты.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және қылмыстық іс Алматы облысы әкімдігінің бақылауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды