"ҚАТАЛ ҮКІМ КҮТІП ТҰР": ДЕПУТАТ ЗАҢДАҒЫ ТОЛЫҚТЫРУЛАРДЫ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 11.01.2020
Оқылды: 661
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жұртшылықпен жүздесіп, өзекті мәселелері жайлы әңгімелескен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Владимир Волков Еңбекшіқазақ ауданында жергілікті әкімшілік және прокуратура, сот, құқық қорғау саласы қызметкерлерімен кездесіп, өзара ой қорытты, пікір алмасты.

Демократияға бет бұрған мемлекетіміздің басты құндылығы – адам. Барлық заң ел азаматтарының алаңсыз еңбек етіп, қалыпты тіршілік етуіне негізделген. Соған орай әрбір азаматтың құқықтары толық сақталуға тиісті. Бұл міндеттерді қамтамасыз ету үшін халық қалаулылары аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Атап айтқанда, құқық қорғау саласының жауапкершілігі бұрынғыдан арта түсті.

Сот жүйесінде реформалардың қолға алына бастағаны көңіл қуантады. Өйткені тәртіп пен заңдылықты берік сақтау – қоғамды дамытудың басты кепілі. Осы жайында әңгімелеген депутат жиналғандармен бірге ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың мазмұны мен мәнін талқылады.

Бүгінгі таңда мал ұрлығының өршуі барлық ауыл адамдарын алаңдатып отырғаны белгілі. Қылмыс жасаушыларға қатаң шаралар қолданбаса олардың тыйылатын түрі жоқ. Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер ең алдымен соны қамтамасыз етеді. Ұрлық пен зорлықтың жазасы енді мүлдем күшейтілетін болады. Сол сияқты мас болып көлік жүргізгендерді де қатал үкім күтіп тұр. Қылмыс жасағандар бас бостандығынан айрылуымен бірге көлік жүргізу куәлігін өмір бойына  қолдарына ұстамауы мүмкін. Бұдан басқа да қылмыспен күрес барынша күшейтілген. Сондықтан, заңды білу, заңды құрметтеу ісіне жоғары деңгейде көңіл бөлуге тиістіміз.

Кездесуден соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты Владимир Волков пен аудан әкімі Бинәлі Ысқақ орталық ауруханаға барды. Халық қалаулысы денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жұмысымен танысып, бас дәрігер Жәмила Әбеуованың сөзіне назар аударды. Емханалардың цифрлық жүйеге көшкенін көрді. Сол сияқты өткен жылы бес дәрігер жас маман ретінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілген. 17 маманға арнайы қаржылай көмек көрсетілген. Депутат дәрігерлермен де сұхбаттасты.

Сенат депутаты естігендері мен көргендерін көңілге түйіп, оны заң қабылдау ісіндегі ортақ іске пайдаланатынын айтты.

Болат МӘЖИТ 

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды