ТАЛҒАР АУДАНЫ: ӨЗБЕК АЗАМАТЫ АДАМ ӨЛТІРДІ ДЕГЕН КҮДІККЕ ІЛІНДІ

Уақыты: 13.01.2020
Оқылды: 1025
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының тәртіп сақшылары өз отандасын өлтірді деген күдікке ілінген 27 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады.

Кісі өлімі 11 қаңтарда Талғар ауданында орын алған. Құрылыс нысандарының бірінде түрлі дене жарақаты бар 43 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала тергеу барысында қайтыс болған азамат біздің елімізге 2019 жылы Өзбекстанның Андижан облысынан келгендігі және Қайнар ауылында жеке тұрғын үй құрылысын салумен айналысқан шетелдік азамат екені белгілі болды.

- Аудандық полиция қызметкерлері кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен жәбірленушінің 27 жастағы отандасын ұстады. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмысқа қатысты барлық мән-жай анықталатын болады. Ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, - деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, дерек бойынша қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнынан асүй пышағы табылып, тергеу материалдарына айғақзат ретінде тіркелді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды