"ОЙЫН ОЙНАҒАН": ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМДІГІ ӘЛІМЖЕТТІККЕ ҚАТЫСТЫ ТҮСІНІКТЕМЕ БЕРДІ

Уақыты: 14.01.2020
Оқылды: 2426
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жоғары сынып оқушыларының желім иіскеуі, мектептегі әлімжеттік мәселелеріне қатысты Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Әлима Мұратқызы түсініктеме берді.

Атышулы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік көрсетеді деген ақпарат тарап, бұл жайлы "31-арнадан" көрсетілген болатын. Бұл ақпарат сілтеме арқылы "Жетісу" газетінің сайтына да салынған еді.

Осыған байланысты "Жетісу" газетінің сайтына түсініктеме берген Ә.Мұратқызы аудандық білім бөлімі және мектеп әкімшілігі оқушылар арасында саралау жұмысын жүргізіп, нәтижесінде, оқушылардан ақша алу, оларға әлімжеттік таныту секілді фактілер тіркелмегенін жеткізді. "Қазіргі таңда әкімішілік пен білім бөлімі тарапынан оқушыларды күнделікті бақылау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудандық полиция бөлімі де бұл мәселені қатаң бақылауға алды", - деді ол.

Баспасөз хатшысының мәліметінше, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-гимназиясы білім сапасы мен тәрбие көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Аталмыш мектептің оқушылары арасында осыған дейін дау-дамайлы жағдай мүлдем орын алмаған.

- 7-сынып оқушыларының кейбірі ақылы ойын ойнап, ата-аналары берген ақшаны ойынға жұмсайтындарын айта алмай: «Жоғары сынып оқушылары ақшамызды қорқытып, тартып алады», - деп ата-аналарына ақталған. Сөйтіп, білім ордасының атына кір келтіруде. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайды болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады, - деп атап өтті Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, Ескелді ауданының орталығында орын алған жағдайға байланысты "Жетісу" газеті сайтында "31 арнаға" сілтеме арқылы мақала жарияланған еді. Онда мектептегі әлімжеттік бойынша 7-сынып оқушылары мен ата-ананың шағым-арызы, осыған қатысты мектеп директорының сөзі берілді.

Қазіргі таңда Алматы облыстық полиция департаменті мектептегі әлімжеттік бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 194-бабы, 2-тармағы (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен), яғни, «Қорқытып алу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлімдеді. Аталған факт полиция департаментінің бақылауына алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Ескелді ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды