"КІНӘМДІ ТҮСІНДІМ": МАС ЖҮРГІЗУШІЛЕР БЕС ЖЫЛҒА СОТТАЛУЫ МҮМКІН

Уақыты: 20.01.2020
Оқылды: 864
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысы аумағында екі күн ішінде ішімдік ішкен 8 автокөлік жүргізушісі анықталды. Оның ішінде үшеуі бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сегізінші мас жүргізушіні анықтау оқиғасы Талдықорған қаласында тіркелді. Полицейлер «Хюндай Акцент» автокөлігін мас күйінде басқарған 37 жастағы ер адамды ұстады. Ол бұған дейін ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.

- Талдықорған қаласының Әкімшілік соты 2019 жылғы желтоқсанда оны үш жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырған. Бұл заңбұзушылық екінші рет қайталанып отыр. Қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биыл жаза қатаңдатылды. Яғни, қылмыстық өндіріс ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қозғалды (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы). Автокөлік арнайы тұраққа қойылды, ал ұсталған азамат қалалық полицияның уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Іс материалдары жақын арада сот органдарының органдарының қарауына жолданады, - деді Талдықорған қалалық полиция басқармасының аға анықтаушысы Дидар Сейітжан.

Ұсталған жүргізуші өзінің қателігін мойындап, соттан және құқық қорғау органдарынан жазаны жеңілдетуді сұрады.

- Заң талаптарын білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын білемін. Алайда сіздердің түсіністікпен қарауларыңызды сұраймын. Мен өз кінәмді түсіндім және ол үшін өкінемін. Бұл оқиға қайталанбайды деп сендіремін, - деді жүргізуші өз сөзінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды